Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Кубаға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионатының 24-32 орындар үшін плей-офф сатысында екінші топта Кубаға есе жіберді.
Отандастарымыз аталған топта Египет, Қытай және Кубамен сынға түседі.
Бүгінгі кездесуде қазақстандық гандболшылар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде 14:12 есебімен жеңген еді. Дегенмен екінші кезеңде сол басымдықты ұстап тұра алған жоқ.
Салдарынан қарсыласына 28:29 есебімен есе жіберді.
Енді отандастарымыз 6 желтоқсанда Қытай, 8 желтоқсанда Египетпен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, қазақстандық гандболшылар Анголаға 20:38, Норвегияға 16:41, Оңтүстік Кореяға 17:35 есебімен жол берді.
Осылайша өз тобында төртінші орынды місе тұтып, 24-32 орындар үшін сынға түсетін сегіз құраманың қатарына қосылды.
Қазақстандық гандболшылар 2008 жылы Олимпиадада 10-орынға алған еді. Одан кейінгі жылдарда дүбірлі додадан тыс қалды.
Отандастарымыз қазірге дейін әлем чемпионатында жеті мәрте бақ сынады. Олардың жоғары жетістігі - 2007 жылғы 18-орын.
Дүбірлі додада барлығы 32 құрама сынға түсіп жатыр.