Ғани Бейсембаев Жамбыл облысында құлдыққа түскен балаларға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жамбыл облысында құлдыққа түскен балаларға қатысты пікір білдірді.

– Мұндай кез келген жағдайда Оқу-ағарту министрлігінде бекітілген алгоритм бойынша Балалардың құқығын қорғау комитеті шара қабылдайды. Бұл мәселе комитеттің толық қадағалауында болады. Мен де бұл мәселеге қатысты кеше әкімінің орынбасарымен және тиісті әкімдіктермен хабарластым. Қазір балаларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Нақты тексеру жүргізіліп жатыр. Құлдыққа байланысты «бұл дәлелденбеді» деген ақпарат келіп жатыр. Толыққанды тексерістен кейін кімнен қате кеткені нақтыланады. Тиісті шара қабылданады, - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, Жамбыл облысы Талас ауданында кәмелетке толмаған балалар видеоүндеу жазып, өздерін мәжбүрлі жұмысқа жеккенін, қорлық көріп, соққыға жығылғандарын айтқан.