Ғани Бейсембаев Жамбыл облысындағы мектепте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жамбыл облысындағы мектепке бөгде адамдардың келуі және мұғалімдерден ақша жинау оқиғасына қатысты пікір білдірді. 

ғани бейсембаев
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Бүгін Үкімет үйінде болған баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Тереңөзек ауылындағы мектепте болған оқиғадан кейін мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан кетуі оқиғасына қатысты сұрақ қойды.

«Неге бұл оқиға бойынша тексеру ұзаққа созылды? Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар директордың ғана бұйрығын орындайтыны белгілі. Сол ауылдың тұрғындары тәрбие ісі жөніндегі орынбасарды өте білікті маман деп бағалап отыр. Бұл ретте жауапкершілік кімде?», - деп сұрады журналист.

Өз кезегінде Ғ. Бейсембаев осыған дейін білім беру ұйымдарында бөгде адамдардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салынғанын еске салды.

«Бұл тұрғыда қатаң ескертулер жасалған еді. Себебі мектеп оқу-тәрбие ісімен айналысуы керек. Сондықтан мектепке бөтен адамдардың кіруіне қатысты шектеу қоятын талаптар бар. Мектепте болатын іс-шаралардың барлығына оқу орнының бірінші басшысы жауапты. Жергілікті атқарушы органдарда тиісті зерделеу жұмыстарынан кейін тиісті шешім жасалды. Олар толыққанды тексергеннен кейін, мектеп басшысы жазаланды», - деді министр.

Сонымен қатар ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатысты қабылданған шешімнің қаншалықты орынды болғанын қайта қарауға тапсырма бергенін айтты.

«Кез келген мықты маманды бағалауымыз керек. Атап айтқанда, расында да ол адамның тікелей қатысы болса, қандай мықты маман атанса да жауапкершілікті мойнына алуы керек. Дегенмен, бұл мәселеде орынбасарына қатысты тағы да зерделейміз», - деді Ғани Бейсембаев.

Бұдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында Жамбыл облысы Тереңөзек ауылындағы мектепте болған оқиғаның видеосы тарап кеткен еді. Онда «Томирис» лақап атымен белгілі бақсы келгені айтылған.

Соңғы жаңалықтар