Ғарыш обсерваториясын құтқару операциясы: NASA орбитаға алғашқы роботын ұшырды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) Жерге құлау қаупі төнген құнды ғарыш телескопын құтқару үшін алғаш рет арнайы робот-аппаратты ғарышқа ұшырды, деп хабарлайды BBC.
Әңгіме Ғаламдағы ең қуатты жұлдыз жарылыстарын бақылайтын Swift ғарыш обсерваториясы туралы болып отыр. Оның орбитасы қауіпті деңгейге дейін төмендеп кеткен. Егер ешқандай шара қолданылмаса, аппарат Жерге құлауы мүмкін.
Сол себепті NASA жетекшілігімен жұмыс істейтін коммерциялық компания жұма күні LINK деп аталатын робот-аппаратты ұшырды. Жоспар бойынша аппарат үш манипулятор-қолының көмегімен Swift телескопын ұстап, оны Жер мен атмосферадан алысырақ итеріп, орбитасының параметрлерін қалпына келтіреді. Алайда мамандар мұндай операцияны жүзеге асыру оңай емес екенін айтады.
Ұлыбританиядағы Ашық университеттің планеталық зерттеулер жөніндегі ғалымы Симеон Барбердің айтуынша, бұған дейін мұндай миссия ешқашан орындалмаған және оның тәуекелі жоғары.
– Бірақ NASA мұндай әрекетке баруға тұрарлық деп санайды. Ғылыми қауымдастық та осыған үлкен үміт артып отыр, өйткені бұл – аса жоғары энергиялы ғарыштық құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды телескоп. Мұндай құбылыстарды зерттеудің басқа жолы жоқ, – дейді ол.
Swift обсерваториясының орбитасы Күн белсенділігінің артуынан төмендей бастаған. Соның әсерінен Жер атмосферасының жоғарғы қабаттары кеңейіп, аппаратқа кедергі күшейген. Ұшырылғаннан бергі 20 жыл ішінде оның орбитасының биіктігі 600 шақырымнан 360 шақырымға дейін төмендеген. Биіктіктің едәуір бөлігі соңғы екі жылда жоғалған.
Жерге спутниктердің құлауы қалыпты құбылыс саналғанымен, Swift ғалымдар үшін ерекше маңызды аппарат болып есептеледі. Оның қызмет ету мерзімі бастапқыда екі жылға ғана жоспарланғанымен, обсерватория ғарышта 22 жыл бойы жұмыс істеп келеді.
Үлкен жеңіл автокөліктің көлеміндей болатын Swift үш телескоппен жабдықталған. Ол 2004 жылы ғарышқа ұшырылған. Обсерваторияның негізгі міндеті – аса ірі жұлдыздардың жойылуы немесе нейтрондық жұлдыздардың соқтығысуы кезінде болатын қуатты ғарыштық жарылыстарды зерттеу.
Мұндай оқиғалар кезінде бірнеше секунд ішінде Күннің 10 миллиард жыл бойы шығаратын энергиясына тең қуат бөлінеді. Осындай құбылыстардың өте қысқа уақытқа созылуына байланысты обсерваторияға Swift («Жылдам») атауы берілген. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде бұл телескоптардың баламасы жоқ, сондықтан NASA оларды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған миссияны жүзеге асыруға шешім қабылдады.
Айта кетейік, 29 маусымда NASA осы орбиталық телескопын Жерге құлаудан құтқару үшін робот ұшыратыны хабарланған еді.
Сондай-ақ бұған дейін NASA Айды енді сыртынан зерттейтін жаңа миссиясының экипаж құрамын жариялады.