NASA орбиталық телескопты Жерге құлаудан құтқару үшін робот ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) орбитадағы Swift телескопын құтқаруға бағытталған ел тарихындағы алғашқы роботтандырылған операцияны жүзеге асыруға дайындалып жатыр. Биіктігін жылдам жоғалтып жатқан телескоп Жер атмосферасына кіріп, жанып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Associated Press.

NASA орбиталық телескопты Жерге құлаудан құтқару үшін робот жібереді
Фото: Видеодан скрин

Ғарыш аппараты осы аптада ұшырылуы мүмкін. Ол обсерваторияны жоғары орбитаға шығарып, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Миссияның құны — 30 миллион доллар. Оны жүзеге асыру үшін NASA автономды Link аппаратын әзірлеген америкалық Katalyst Space Technologies стартабын тартты. Pegasus зымыран-тасығышымен Маршалл аралдарынан ұшырылатын робот шамамен бір ай ішінде Swift телескопына жетуі тиіс. Одан кейін ол үш механикалық манипулятордың көмегімен телескопты ұстап, бірнеше айдың ішінде оның орбитасын қазіргі 360 шақырымнан 600 шақырымға дейін көтермек.

Swift телескопы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол ғаламдағы ең қуатты жарылыстардың бірі саналатын гамма-сәуле жарқылдарын тіркеуге арналған. Алайда соңғы жылдары Күн белсенділігінің күшеюіне байланысты Жер атмосферасы кеңейіп, аппараттың орбитасы бұрынғыдан да жылдам төмендей бастаған. Мамандардың бағалауынша, егер телескоптың орбитасы 300 шақырымнан төмен түссе, оны құтқару мүмкін болмайды. Мұндай шекке ол биылғы қазан айында жетуі ықтимал.

Ақпан айында NASA Swift телескопын энергияны барынша үнемдеу режиміне ауыстырып, ғылыми құралдарын өшіріп, бақылау жұмыстарын уақытша тоқтатты.

Миссияның басты ерекшелігі — Swift телескопы бастапқыда орбитада жөндеу немесе техникалық қызмет көрсетуге арналмаған. Сондықтан робот арнайы түйісу тораптары жоқ аппаратты ұстап алуы керек болады. Компания өкілдері мұндай операцияның әлі де тәуекелі жоғары екенін жасырмайды.

— Бұл — осындай миссияны орындауға жіберіліп отырған АҚШ-тың алғашқы ғарыштық роботы, — деді Katalyst Space Technologies компаниясының бас директоры Гонхи Ли.

Оның айтуынша, NASA-ның қазір жұмыс істеп тұрған көптеген ғылыми обсерваториясына болашақта дәл осындай қызмет қажет болуы мүмкін.

— Осы миссия арқылы біз олардың жұмыс мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін жаңа құралдың пайда болғанын дәлелдеп отырмыз, — деді ол.

Егер операция сәтті аяқталса, Swift телескопы қыркүйек айында ғылыми бағдарламасын қайта бастайды. NASA телескоп алдағы уақытта да гамма-сәуле жарқылдары мен басқа да қысқа мерзімді ғарыштық құбылыстарды бақылауды жалғастырып, James Webb ғарыш телескопымен және болашақтағы Nancy Grace Roman ғарыш обсерваториясымен бірлесіп жұмыс істейді деп үміттенеді.

NASA-ның астрофизика бөлімінің директоры Шон Домагал-Голдманның айтуынша, мұндай миссияны жүзеге асыру бұрын мүмкін емес болып көрінген.

— Шынымды айтсам, мұндай жобаны іске асыруға болады деп ешкім ойлаған жоқ. Біз осындай жетістікке жетеміз деп те ешкім күтпеген еді, — деді ол.

NASA өкілдерінің пікірінше, бұл миссияны жүзеге асыруға жұмсалған күш-жігер толықтай ақталады.

— Егер Swift телескопының Жер атмосферасына енуіне жол берсек, оны жоғалтамыз. Онымен бірге орасан зор ғылыми мүмкіндіктерден де айырыламыз. Ал қазір бізде оның орнын басатын жаңа телескоп жасауға бюджет қарастырылмаған, — деді NASA-ның ғылыми миссиялар жөніндегі басқармасының басшысы Никки Фокс.

Katalyst Space Technologies бұл миссияны ғарыш индустриясындағы жаңа бағыттың бастауы ретінде қарастырады. Компания қазірдің өзінде 35 800 шақырымға дейінгі биіктікте орналасқан спутниктерді жөндеп, жанармай құйып, басқа орбитаға ауыстыра алатын роботтардың жаңа буынын әзірлеп жатыр.

Болашақта осыған ұқсас технологияны біртіндеп биіктігін жоғалтып келе жатқан Hubble ғарыш телескопының қызмет ету мерзімін ұзарту үшін де пайдалану жоспарланып отыр.

— Hubble — ұлттық мақтанышымыз. Халық бұл телескопты ерекше жақсы көреді, — деді Никки Фокс.

Айта кетейік, NASA Айды енді сыртынан зерттейтін жаңа миссиясының экипаж құрамын жариялады.