Ғарыштағы Қытай Жаңа жылы: тайконавттар торт пісірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда миллиондаған отбасы мерекелік дастархан басына жиналып жатқанда, үш тайконавт Жерден 400 шақырым биіктікте көктем мерекесін тойлап жатыр, деп хабарлайды Синьхуа.

Ғарыштағы Қытай Жаңа жылы: тайконавттар торт пісірді
Фото: Xinhua

«Шэньчжоу-21» ғарыш кемесінің экипаж мүшелері орбитада Қытайдың Жаңа жылын тойлап жатыр. Мереке қарсаңында тайконавттар Қытайдың ғарыш агенттігі таратқан бейне хабарламаны жазды.

— Мен барлығына амандық пен бейбітшілік тілеймін, — деді экипаж командирі Чжан Лу.

Бұл Чжан Лудың ғарыштағы екінші жаңа жылы. Ол бұған дейін 2022 жылдың қарашасында ұшырылған Шэньчжоу-15 миссиясына қатысып, алты ай орбитада болған.

Станция қызыл шамдармен, дәстүрлі қытай бұйымдарымен және қағаздан қиылған суреттермен безендірілген. Мерекелік ас мәзірінде тұшпара мен ұлттық дәмді тағамдар болды. Сондай-ақ биыл ерекше дәм ұсынылды: экипаж мүшелері ғарышта алғаш рет торт пісірді.

Ғарышта 100 күннен астам уақыттан бері жүрген тайконавттардың миссиясы 2025 жылдың 31 қазанында басталған.

Агенттіктің хабарлауынша, ғылыми эксперименттерден бастап техникалық қызмет көрсету мен медициналық бақылауға дейінгі барлық операциялар жоспарлы түрде жүріп жатыр.

Бұған дейін NASA астронавттарға ғарышқа смартфон алып ұшуға рұқсат бергені туралы жаздық. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум