Ғарышқа ең алғаш рет ұшқан көк тудың тарихы
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Қазақстанда әкімшілік институтының құрылуына байланысты, 1992 жылы Байқоңырда сол кездегі атауымен Ленинск қалалық әкімдігі пайда болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен сол жылдары Ленинск (1995 жылға дейінгі Байқоңыр қаласының атауы) қаласының әкімшілігін Виталий Брынкин басқарған болатын. Ғарыш айлағының әкімшілік орталығы болған Ленинск қаласына республикалық маңызы бар қаланың мәртебесі беріліп, оның жанындағы Төретам мен Ақай қалашықтары оның құрамына қосылған.
1992 жылдың 17 шілдесі күні Ленинск қаласының орталық алаңында тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты түрде көкке көтерілген еді. Салтанатты түрде ту көтеру шарасына 1992 жылдың 27 шілдесі күні ғарышқа ұшамыз деп отырған ресейлік ғарышкер Анатолий Соловьев, Сергей Авдеев пен француз ғарышкері Мишель Тонини қатысқан. Ленинск қаласының әкімшілігі өтініш айтқан соң, «Союз ТМ-15» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшқан бұл экипаж Қазақстан Республикасының туын да ала кеткен. Екі аптадан кейін егемен елдің туы ұшқыштармен қатар, жерге аман-есен оралған болатын.
Қазақстанның ең алғаш ғарышқа ұшқан мемлекеттік туы қазір Байқоңыр қаласындағы ғарыш тарихы музейінде сақталып тұр. Музей директоры, Достық орденінің иегері Антонина Боғданова осы тарихи экспонат пен оған қатысты бүкіл құжатты көзінің қарашығындай сақтайтынын айтты. Сол жылдары Байқоңыр ғарыш айлағында тұратын бүкіл қазақстандықтар үшін бұл рух көтерер дүние болған еді, дейді музей директоры.
Ал, жалпы, ғарышқа Қазақстанның туын алып барған тұңғыш қазақ, ол - Талғат Мұсабаев. 1994, 1998 және 2001 жылдары үш ретте де ол ғарышқа Қазақстанның көк туын, бір уыс қазақ топырағын және қасиетті Құран кітабын алып барған.