Ғарыштан түсірілген көріністер заңбұзушылықтарды анықтауға ықпал етті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында ғарыш түсірілімдерінің көмегімен табиғатты қорғау саласындағы заңсыздықтарды анықтаудың мүмкіндігі туды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің прокуратура органдарының қызметіне сілтеме жасап.
«Жер заңын сақтайық - жаппай сатуды тоқтатайық» жобасын жүзеге асыру барысында «Қазақстан ғарыш сапарының» ғарыштық түсірілімдері пайдаланылуда. Жоба аясында табиғатты қорғау прокуратурасы жалпы көлемі 0,2344 га болатын 9 мемлекеттік жер телімін заңнан тыс иеленіп алу әрекеттерін анықтады. Олардың 0,1142 гектары су қорының жері»,-делінген хабарламада.
Қарағандылық азамат Кіші Бұқпа өзенінің маңында дөңгелек жөндеу шеберханасын, аккумулятор цехын, контейнер мен қоршауларды заңсыз салып алған. Ал, Федоров су қоймасының маңында үлкен үй пайда болған.
«Заң бұзушыларға 530 мың теңгеден астам сомаға айып салынды. Заңсыз иемденген 3 жер телімі босатылды. Тағы 6 жер телімі бойынша, тиісті жұмыстар жүргізілуде»,-делінген хабарламада.
Бұл заңбұзушылықтар азаматтардың тиісті заңнаманы білмеуінен туындаған деген пікірде прокуратура қызметкерлері.
ҚР Су кодексінің 125-ші бабы су нысандарының гидрологиялық жағдайына зиянын тигізуі мүмкін, құрылыстарды жүргізіп, шаруашылықпен айналысуға тыйым салады. Мемлекет иелегіндегі жерлерді заңсыз басып алғаны үшін 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл дегеніңіз 160 мың теңгеге жуық қаржы.