«Ғайыпбаевтың жарақаты 3 см»: сотта медбике жауабы оқылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта Абзал Шынасылдың қорғаушысы Нұрқанат Ғайыпбаевты 4 қазан күні қараған медбике Арайлым Хамидолланың жауабын оқыды.
— Күнделікті жұмыс жүріп жатқан кезде түнгі сағат 00:58–де туыстарының жетектеуімен аурухананың қабылдау бөліміне Шерзат Полат ауыр жағдайда және Нұрқанат Ғайыпбаев орташа жағдайда келіп түсті. Полат жағдайы ауыр болғаннан кейін оны бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Мен Ғайыпбаевтың дене жарақатын қарау барысында оның оң жамбасында сұғылып-кесілген 3 жарақатты көрдім. Алған жарақатының тексеру барысында тереңдігі 3 см, көлемі 2 см, ені — 0,52 екенін анықталды, — делінген оның жауабында.
Бұған дейін сотта Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақатына қатысты сараптама мәліметтері жарияланды.
Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.