Газа секторы: Майами келіссөзінен кейін АҚШ пен делдалдар тараптарды сабырға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық делдалдар Палестина анклавындағы атысты тоқтату туралы келісімге адалдықтарын білдіріп, тараптарды өз міндеттемелерін орындауға шақырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Өткен апта соңында АҚШ, Қатар, Мысыр және Түркияның жоғары лауазымды өкілдері АҚШ президентінің елшісі Стив Уиткоффпен АҚШ-тың Майами қаласында кездесті. Тараптар 10 қазанда күшіне енген Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңін жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Уиткофф қатысушылар АҚШ президентінің 20 тармақтық бейбітшілік жоспарына толық адалдықтарын растағанын және барлық тараптарды келісім шарттарын орындауға, сабырлық танытуға және мониторинг механизмдерімен ынтымақтасуға шақырғанын хабарлады.
We, the representatives of the United States of America, the Arab Republic of Egypt, the State of Qatar, and the Republic of Türkiye, met yesterday in Miami to review the implementation of the first phase of the Gaza ceasefire and to advance preparations for the second phase.…
— Special Envoy Steve Witkoff (@SEPeaceMissions) December 20, 2025
Сондай-ақ бірлескен мәлімдемеде бірінші кезеңде қол жеткізілген нәтижелер айтылған: гуманитарлық көмек көбейтілді, қаза тапқан тұтқындардың денелері қайтарылды, әскерлер жартылай шегінді, соғыс әрекеттерінің қарқыны төмендеді.
Сонымен бірге жақын арада келісімнің екінші кезеңінде қарастырылған өтпелі әкімшілікті құру және жұмысын бастау, сондай-ақ келісімді іске асыру жолдарын талқылауды жалғастыру қажет екені айтылды.
Келіссөздер қақтығыс аймағында жалғасып жатқан оқиғалар аясында өтті. Жексенбі күні Израиль әскери күштері Газа секторының солтүстігінде екі адамға бағытталған әуе шабуылы туралы хабарлады. Олардың айтуынша, аталған шабуыл Израиль күштеріне тікелей қауіп төндірген.
Сол күні Палестина Азаматтық қорғанысы Газа қаласының орталығындағы қираған ғимараттардың астынан 94 адамның мәйіті табылғанын хабарлады. Мәйіттер Дейр әл-Баладағы зиратта жерлеу үшін Газа секторындағы Әл-Шифа ауруханасының сот-медициналық бөліміне жеткізілді. Палестина билігінің мәліметі бойынша, мыңдаған адам әлі де үйінділер астында қалуы мүмкін.
Консультациялардың нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан атысты тоқтатудың жалғасуы келісімнің екінші кезеңіне көшуге елеулі қауіп төндіретінін және бейбітшілік жоспарын жүзеге асыруды қиындататынын мәлімдеді.
Бұған дейін Қатардың премьер-министрі және сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман бин Джасим әл-Тани де күнделікті атысты тоқтатуды бұзу бүкіл бейбітшілік процесіне қауіп төндіретінін және келісімдердің келесі кезеңіне қарай жеделдетілген ілгерілеуді талап ететінін ескерткен болатын.
Келісім шарттарына сәйкес, Израиль Газа секторынан өз күштерін шығаруы, аумақты бақылауды ХАМАС-тың орнына уақытша әкімшілікке беруі және халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыруы керек.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін ХАМАС қарудан айырылмаса, келісімді әрі қарай жүзеге асыру қауіпке ұшырауы мүмкін екенін айтқан және тұрақтандыру контингентін құруға басқа елдердің қатысуына үміт білдірген.
Осыдан бұрын АҚШ сенаторы ХАМАС пен Хезболланың қайта қаруланып жатқанын мәлімдеді.