Газа секторын минадан тазарту 30 жылға дейін созылуы мүмкін - гуманитарлық ұйым

АСТАНА.KAZINFORM - Анклав «картаға салынбаған мина алаңына» айналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Разминирование сектора Газа может занять до 30 лет
Фото: UNOCHA/Themba Linden

Газа секторын толығымен минадан тазарту 20-30 жылға созылуы мүмкін, деп хабарлайды Reuters халықаралық Humanity & Inclusion ұйымына сілтеме жасап.

Humanity & Inclusion өкілі Ник Орр Израиль мен ХАМАС арасындағы екі жылдық соғыс кезінде жарылмаған оқ-дәрілер бейбіт тұрғындар үшін негізгі қауіпке айналғанын айтты. БҰҰ дерекқорына сәйкес, соғыстан қалған жарылғыш қалдықтарынан кем дегенде 53 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған.

-Егер біз минадан толық тазарту туралы айтатын болсақ, ол ешқашан толық тазармайды. Оқ-дәрілер жер астында және ол келесі буын ұрпаққа да кесірін тигізуі мүмкін. Жер бетіндегісін тазартуға шамамен 20-30 жыл кетуі мүмкін, - деді Ник Орр.

Ол бұл жағдайды Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі британдық қалалармен салыстырды.

Жақын арада ұйымның жеті мүшесі ауруханалар мен наубайханаларды қоса алғанда, басқа да маңызды инфрақұрылым нысандарын зерттеуді бастайды. Алайда, гуманитарлық ұйымдар әлі күнге дейін Израиль билігінен жұмыс жүргізуге немесе қажетті жабдықтарды импорттауға рұқсат алған жоқ.

Ник Орр сонымен қатар гуманитарлық миссиялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ ұсынған 20 тармақтан тұратын атысты тоқтату жоспарында көзделгендей, уақытша халықаралық күш құру қажеттілігін атап өтті.

-Егер Газада бейбітшілік орнаса, гуманитарлық ұйымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін күш қажет, - деді ұйым өкілі.

«Humanity & Inclusion» қазіргі уақытта оқ-дәрілерді жарылмай қауіпсіз жаға алатын, оларды кейіннен содырлардың пайдалануына жол бермейтін мамандандырылған бөлімшелерді жеткізуге рұқсат сұрап отыр.

Газаның Азаматтық қорғанысы 18 қазанда аймақта шамамен 70 000 тонна жарылмаған оқ-дәрі бар екенін, бұл тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Газадағы денсаулық сақтау саласын қалпына келтіруге 7 миллиард доллар қажет екені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар