Газа секторынан тағы 6 әйел мен 24 бала әкелінеді ? ҚР Сыртқы істер министрлігі

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Израиль-палестин қақтығысы орын алып отырған Газа секторында бүгінгі күні Қазақстанның 16 әйел азаматы мен олардың 41 баласы бар.

Газа секторынан тағы 6 әйел мен 24 бала әкелінеді ? ҚР Сыртқы істер министрлігі
Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, олардың ішінде 6 әйел мен олардың 24 баласы елге оралуға ниет білдірген. Бұл Палестина автономиясының азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақстандық азаматшалар. Сондай-ақ, Газа секторының қақ ортасында тұрып жатқан 1 отбасы Қазақстанға келуден бас тартты. Өйткені бұл аймақтан шыққаннан кейін олардың өз еліне қайта оралуы қиынға соқпақ. «Үстіміздегі қаңтардың 8-інде ТМД азаматтарын Газа аймағынан алып кету шараларының екінші кезеңі басталды. Бірақ, Газада әскери қақтығыстардың өршуіне байланысты бұл елден қанша қазақстандық азаматтың шығарылатынын нақтылап айту қиынға соғып отыр», - деді ол.ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтарға көмек қолын созу мақсатында тікелей телефон желісін (87172 72 04 68, 72 04 86) орнатты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Газа секторынан Қазақстанның 7 азаматы (2 әйел мен 5 бала) әкелінген болатын.