Газды үнемдеуге ЖИ көмектеседі: 1,3 млн смарт-есептегіш орнатылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Қонақбаев мәлімдеді. 

Газды үнемдеуге ЖИ көмектеседі: 1,3 млн смарт-есептегіш орнатылады
Фото: gwt.kz

— Бұған дейін тұтынушы тұрғын үйін газдандыру үшін техникалық шарт алуға өтініш беру мақсатында газ шаруашылығына баратын. Қазір бұл қызмет цифрландырылды. Енді оны eGov арқылы алуға болады, — деді Асқар Қонақбаев Астанада өткен GASTHERM халықаралық көрмесі аясында.

Газ саласы да цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Бұған дейін мамандар тұтынушының үйіне барып, деректерді қолмен тіркейтін. Енді бұл процесс автоматтандырылады.

Елімізде Aqyl Energy жобасы аясында механикалық есептегіштер смарт-құрылғыларға ауыстырылады.

Асқар Қонақбаевтың айтуынша, цифрлық есептеу құралдары газ тұтыну туралы мәліметтерді қашықтан алуға мүмкіндік береді.

— Қазір ұлттық оператордың алдында шамамен 1,3 миллион есептегішті ауыстыру міндеті тұр. Жұмыс басталып кетті. Бүгінде шамамен 50 мың есептегіш ауыстырылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады, — деді ол.

Жаңа жүйені отандық мамандар әзірлеген. Ол 15 жыл бойы жиналған деректерді талдайды, тіпті ашық қалған газды болжап, дер кезінде белгі береді.

— Қазір мобильді қосымша арқылы қарапайым азаматтар күнделікті қанша газ тұтынғанын көре алады. Адам өз шығынын күн сайын бақыласа, газды үнемдеуге тырысады. Бұрын есептегіш сыртта тұрса, оны қарай бермейді ғой. Ал телефонға күн сайын хабарлама келіп тұрса, тұтынушы өзінің газды қаншалықты пайдаланғанына назар аудара бастайды, — дейді Aqyl energy жобасының жетекшісі Дамир Уламов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл межеге жету үшін газ өндірісін арттырып, жаңа магистральдық құбырлар салып, ескірген желілерді жаңарту қажет. 

Айта кетелік газдандыру деңгейін 80% жеткізу тарифке қалай әсер ететіні туралы жазған едік