Газдандыру деңгейін 80% жеткізу: Тариф өсуі мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда көгілдір отынға қол жеткізген халықтың үлесі жыл сайын артып келеді. Қазір ел тұрғындарының 64 пайызы табиғи газ тұтынады. Ал Мемлекет басшысы 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл межеге жету үшін газ өндірісін арттырып, жаңа магистральдық құбырлар салып, ескірген желілерді жаңарту қажет. Бұл тариф бағасына да әсерін тигізуі мүмкін. 

а
Фото: Минэнерго РК

Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Қонақбаевтың айтуынша, газға қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, әлі де газға қосылмаған солтүстік-шығыс өңірлерді қамту — негізгі міндеттердің бірі болып отыр.

Асқар Қонақбаев
Фото: Kazinform

— Мысалы, 2019 жылдан бері тұтынушылар саны шамамен 4 миллионға көбейген. Өнеркәсіп пен бизнестің де сұранысы артып отыр. Қазір елімізде солтүстік пен шығыста ғана газдандырылмаған аймақтар қалды. Бұл үшін ең алдымен Есіл-Астана магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтаймыз. Оған қоса, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының екінші және үшінші кезектерін аяқтау жоспарланған, — деді Асқар Қонақбаев елордада өткен GASTHERM халықаралық форумында.

Бүгінде еліміздегі газ құбырларының шамамен 33 пайызы тозған. Мемлекет пен ұлттық оператор қолданыстағы желілерді жаңарту жұмыстарын істеп жатыр.

Бекітілген инвестициялық бағдарламалар аясында газ желілері жаңғыртылып, қайта жаңартылады және жаңа құбырлар салынады. Атап айтқанда, ескі газ құбырлары ауыстырылып, болат құбырлардың орнына полиэтилен құбырлар тартылады.

— Тарифтердің өсуі ең алдымен қолданыстағы инфрақұрылымды сақтап, оны жаңартуға және одан әрі дамытуға қажет. Қазіргі газ бағасы бұл жұмыстарды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан тарифтің өсуі мүмкін, алайда оның нақты қаншаға және қашан өсетіні туралы қазір айта алмаймын, — деді спикер.

Айта кетейік, соңғы 6 жылда тағы 4 млн қазақстандық газға қол жеткізді.