«Газпроммен» Қазақстанның шығысын газдандыру келіссөзі әлі тоқтаған жоқ — Энергетика министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын Ресейден Қытайға тартылатын транзиттік құбыр арқылы газдандыру келіссөзі қай сатыда екенін мәлім етті.

Еске салсақ, әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та CNPC компаниясы мен «Газпром» компаниясы Ресей газын Қытайға Моңғолия аумағы арқылы тасымалдауды ұйғарғанын, осылайша Қазақстанның үш бірдей облысын «Газпром» жобасының аясында газдандыру нұсқасы келмеске кеткенін жазған болатын.
Энергетика министрлігіндегілер Ресей тарапы Қазақстанға бұл нұсқадан бас тартатындарын ресми хабарламағанын айтып отыр.
— Қазіргі таңда Ресей Федерациясы тарапынан ресми түрде еліміздің солтүстік-шығысы арқылы Қытай мемлекетіне газ транзиттеу жобасы туралы ақпарат жарияланбады.
Өз кезегінде министрлік еліміздің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру бойынша Үкімет пен «Газпром» ЖАҚ арасында қол қойылған жол картасы шеңберінде Ресей Федерациясынан газ жеткізу үшін «Газпром» ЖАҚ-пен келіссөздер жүргізіп жатыр, — делінген ресми мәліметте.
Министрліктегілер Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында жалпы 1 053 елді мекенді және ондағы 2 миллионнан астам адамды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделгенін айтады.
— Сонымен қатар, осы өңірлер тұтынушыларының 2040 жылға дейін тауарлық газды тұтынуының болжамды көлемдері бар. Тұтыну көлемі 2040 жылға қарай жылына 4,9 млрд текше метр деңгейінде айқындалған. Нақтыланған көрсеткіштер жобалау барысында және де жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты айқындалады, — деп жазылған министрлік жауабында.
Еске салсақ, Сенаттың жалпы отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Түрікменстаннан газ сатып алу мәселесіне тоқталған болатын.