Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті болып сайланды
РИМ. KAZINFORM — Ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.
Дауыс беру нәтижесінде шешім бірауыздан қабылданды. Конгреске әлемнің 58 федерациясы қатысты.
Оның өкілеттік мерзімі 3 жылға созылады. Яғни, Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін жалғасады.
Сайлаудан кейін сөз сөйлеген Геннадий Головкин Борис ван дер Ворст мырзаға, Атқарушы кеңеске және World Boxing ұйымының барлық мүшелеріне алғысын білдірді.

— World Boxing президенті ретінде сіздердің алдарыңызда тұру — мен үшін зор мәртебе әрі қуаныш. Мен адал әрі жауапкершілікпен қызмет етемін. Бірақ бұл — тек бастамасы. Біздің міндетіміз айқын: боксты дамыту жолында қызмет ету; ХОК-тың сенімін толық қалпына келтіру; спортшыларымызды Брисбен Олимпиадасына және одан кейінгі ойындарға қатыстыру, — деді Геннадий Головкин.

Сонымен қатар GGG әрбір боксшының таза әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамығанын қалайтынын айтты.
— Біз біріккен кезде World Boxing — бір тұтас отбасы сияқты алға жылжиды. Біз сөзбен емес, іспен Олимпиадалық қауымдастыққа сенім ұялататын федерация екенімізді дәлелдейміз. Біз тәуелсіз боламыз, бірақ олимпиадалық құндылықтарды құрметтейміз. Біз адалдық, теңдік және спортшыларды қорғау жолында жұмыс істейміз. Бірге сенімді күшейтейік, спортшыларымызға қызмет етейік, Олимпиада ойындарындағы заңды орнымызды иеленейік, — деді Головкин.
Бүгін, 23 қарашада Италия астанасы Римде халықаралық бокс конгресі ұйымдастырылды.
Бұл шара әлемдік бокс үшін аса маңызды, себебі күн тәртібінде халықаралық World Boxing федерациясы жұмысының негізгі мәселелерінің бірі — ұйым президентін сайлау тұрды.
Уәкілетті орган 2025 жылдың қазан айында ұсынылған барлық өтінішті қарастырып, тек комиссия бекіткен үміткерлерді сайлауға қатысуға рұқсат берді.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин үміткерлердің бірі ретінде таңдалған еді.
Осыған дейін Геннадий Головкин сайлау алдында өзінің алдағы жұмысының негізгі 4 бағытын атады.