Геологиялық барлау жұмыстарына «Нұрлы жол» аясында қосымша 6 млрд. теңге бөлінеді - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарына ағымдағы жылы «Нұрлы жол» аясында қосымша 6 млрд. теңге бөлінеді. Бүгін Астанада Геологтар күні мерекесіне орай өткен жиын барысында кәсіби мерекемен құттықтаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.
None
None

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдан бастап 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастайды. «Осыған орай, бұл бағытта арнайы қаражаттар қамтылып отыр. Әлемдік күрделі ахуалдың орын алғанына қарамастан, аталған бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 7 млрд теңге, ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қосымша 6 млрд. теңге бөлініп отыр», - деді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, осының өзі Қазақстанда бағдарлама аясындағы жұмыстарды биылдың өзінде жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қазіргі таңда геологиялық барлау секторына шетелдік инвесторлар тарту да өзекті мәселе болып табылады. Министрдің сөзіне қарағанда, геология мен тау-кен өндіру саласына инвестициялар тарту бағытында Қазақстан Канада, Австралия, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы секілді елдерден айтарлықтай артта қалып отыр. «Сондықтан да, елбасының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні үлкен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, процедуралар жақсарып жатыр», - дейді Әсет Исекешев.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясы бекітілген болатын. Соған орай, Қазақстан геологтарының кәсіби мерекесі сәуір айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін болып белгіленген.

Соңғы жаңалықтар