Геологиялық барлауға жан бітсе, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 15-тен астам кен ашылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кең-байтақ жер қыртысындағы қазба байлығы молынан болжанатынына қарамастан, біздегі ашылған кеннің негізгі бөлігі өткен ғасырдың 70-80 жылдарына тиесілі екені белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары да елдің кенін зерттеу бағытында жұмыстар біраз уақыт қаңтарылып қалған еді. Дегенмен, ең бастысы Қазақстан аумағындағы жер қыртысында пайдалы қазбаларды ашу мүмкіндігі жеткілікті екені дәлелденген. Шындығында, қазір ғалымдар да сарапшылар да көз жеткізген ақиқат - Қазақстанның келешегі тұрақты экономи­калық даму моделі болса, минералды шикізаттар мен тау-кен металлургиясы сол дамудың бір тірегі болып қала бермек. Ал олардың болжамды қорларын нақ­тылап, өндірістік талапқа сәйкес­тендіру геологиялық ауқымды зерттеулер мен мол қаражатты қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да, Президент Н. Назарбаев Жолдауында: «Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн», - деп ерекше атап өткен болатын.

Геологиялық барлауға жан бітсе, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 15-тен астам кен ашылуы мүмкін

Ал бұл бағыттағы мемлекеттік саясат қандай? Шындығында, геологиялық зерттеулер, кен орындарын барлау жұмыстары соңғы жылдарға дейін дағдарыстық жағдайды бастан кешіп келді. Бұған бір мысал ретінде осыдан бір-екі жыл бұрын гео­логиялық зерттеулерге, кен орындарын іздеуге, бағалауға бөлінген мемлекеттік қаражаттың игерілмей қалуын айтсақ та жеткілікті. Қаражаттың игерілмей қалуына бірден бір себеп - сервистік геологиялық ұйым­дардың кейбірі тоқырауға ұшы­рап, мамандарынан айырылуында екенін айтуға тура келеді. Тоқ етері геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын шетелдік компаниялармен бәсекеге түсетін Қазақстанда бірде бір ұйымның болмай отырғаны да осының айғағы болса керек. Тек соңғы жылдары ғана геологиялық барлау жұмыстарына қан жүгіре бастады. Кейінгі 15 жылдың ішінде 8 трлн. теңге геология саласына бөлінсе, оның 234 млрд. теңгесі геологиялық барлау жұмыстарына бағытталды. Соның нәтижесінде 2010-2013 жылдар аралығында ғана басымдықты пайдалы қазбалар түрлері қорының өсімі 30 пайызды құрады.

Ал әлемде бүгін қалыптасып отырған жағдай геология саласына көзқарасты мүлдем өзгертіп, оған барынша назар аударудың қажеттігін алға тартатыны да рас. Сондықтан да, Елбасы Н. Назарбаев жер қойнауын пайдалану заңнамасын жетілдіруге қатысты құжатты әзірлеп, оны қабылдауды жүктеген болатын. Жаңа құжат жер қойнауын пайдаланушылар жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға өтуге және инвестициялық климатты жақсартып, тікелей шетел инвестицияларын тартуға бағытталуы тиіс болатын. Ал Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, заң жобасындағы өзгерістердің қажеттілігі әлемде болып жатқан дағдарыстан құтылу аясындағы инвесторлар үшін басталған күрестен туындап отыр.

«Қазіргі таңда геология саласын мемлекеттік реттеу жағынан Қазақстан 112 елдің арасында 87-ші орында болса, ал жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 31 орында. Шикізаттың ұзақ мерзімді тасымалының тұрақтылығы, геология саласындағы жұмыстар мен рәсімдердің ашықтығы - бүгінгі заманның талабы»,- деді Әсет Исекешев.

Бұл ретте министр Қазақстандағы геология саласының реформасында, соның ішінде жер қойнауын пайдалануға берілетін құқық бойынша әлемде мойындалған австралиялық тәжірибе назарға алынғанын айтады. Мұндай шешім бір жарым жылдық зерттеу жұмыстары мен Дүниежүзілік банктің ұсынысы нәтижесінде қабылданған тәрізді. Сонымен қатар, бүкіл әлем бойынша австралиялық тәжірибе үздік деп саналады әрі бұл инвесторлардың да берген бағасы болып отыр. «Канада, Чили, Перу секілді мемлекеттер осы австралиялық тәжірибені пайдаланып, нәтижесінде геология мен жер қойнауын пайдалану саласында инвестициялық тартымдылықтан озық шығып отыр. Мәселен, Канаданың қор биржасында геологиялық барлау саласындағы компаниялардың капиталы 58 млрд долларды құрайды. Ал Австралияда әлемнің барлық дерлік ірі компаниялары жұмыс жасайды, бір ғана Батыс Австралияда жұмыс істейтін компаниялар саны он бес мыңнан асады», - деді Әсет Исекешев.

Министрдің айтуынша, Австралияда барлау жұмыстарымен ел аумағының 27 пайызы қамтылған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарынан бері қатты пайдалы қазбалар саласында бар-жоғы төрт жүз ғана келісімшарт жасалса, осы бағытта жұмыс істейтін компаниялар саны екі жүзден сәл ғана асады. Осының өзі дархан даланың қазба байлықтарына қатысты әлеуетті толық пайдаланбауды білдірмей ме?

«McKinsey & Company» компаниясының алдын ала мәліметтері бойынша жаппай геологиялық барлау жұмысының нәтижесінде Қазақстанда 15-тен астам әлемдік деңгейдегі кен орындарының ашылуы болжанады. Бұдан бөлек, жаңа тау-кен өндірістері де ашылуы күтіледі. Сондықтан да, бұндай жағдайда геологиялық-барлау жұмыстарына инвестиция ағынын арттыру мақсатында бірқатар заңнамалық жаңалықтар енгізіліп отыр», - деді министр Әсет Исекешев.

Сонымен, заң жобасындағы новеллаларға келсек, жер қойнауын пайдаланушыларға геологиялық барлау жұмыстары үшін жеңілдетілген құқықтар беріледі. Мәселен, барлаушыларға бір блокқа 1,8 шаршы шақырымнан кем болмайтын аз зерттелген жер учаскелері ұсынылады. Бұл ретте пайдаланушылар бірден 10 блокты да иелене алады, алайда оның әрқайсысы үшін жеке-жеке қаражат салып, жеке-жеке есеп беріп отырулары тиіс. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ұсыныс инвесторларды тұрақты түрде қаражат салуға ынталандырады, ең бастысы Қазақстанда кең ауқымды, сапалы әрі тиянақты геологиялық зерттеу жұмыстары жүзеге аспақ.

«Өкінішке қарай, Қазақстан геологиялық барлау, зерттеу жұмыстарына мемлекеттік және жеке сектор қаражаттарын қоса алғанда бар-жоғы бір шаршы шақырымына 3 доллар қаражат шығындап отыр. Ал Австралияның осы мақсатқа жұмсайтын қаражаты шаршы шақырымына 160 доллар, АҚШ 90 доллар, Канада 200 доллар жұмсайды. Тіпті Ресейдің өзі 25 доллар жұмсайды. Яғни, соңғы жиырма жылда еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына салынған инвестиция кен қорларын дамытуға ешқандай үлес қоспаған», - дейді министр Әсет Исекешев.

Бұл ретте ведомство басшысы алдағы уақытта жер қойнауын пайдаланушылар үшін ақпараттарға қолжетімділіктің қамтамасыз етілетінін де алға тартады. Мәселен, министрлік бұйрықтары деңгейінде жер қойнауын пайдаланушылардың ақпарат алу мерзімі бұрынғы 240 күннен 1 күнге дейін қысқарған. Енді бұндай ақпараттың барлығы қолжетімді бола түсіп, олар арнайы сайттарда онлайн режимінде ұсынылады. «Біз ең алдымен шағын кен орындары мен барлау келісімшарттары бойынша процедураларды жеңілдетеміз, олар бойынша әкімшілік кедергілер ысырылады. Сонымен қатар, экономиканың ресурстық негізі нығайтылып, стратегиялық кен орындарында мемлекеттің басым құқықтары сақталатын болады», - дегенді алға тартады Әсет Исекешев.

Тұтастай алғанда, жер қойнауын пайдалануға қатысты заң жобасы бірқатар тұжырымдамалы әрі өзекті мәселелерді қамтып отыр. Біріншіден, Австралия тәжірибесі бойынша жер қойнауын пайдаланушылар құқығын беру көзделеді. Екіншіден, конкурстарда жеңіске жететіндерді таңдауға мүмкіндік беретін жаңа әрі мейлінше ашық тәсіл ретінде аукцион енгізу қарастырылады. Үшіншіден, келісімшарттар бойынша міндетті сараптамаларды 60 пайызға қысқарту белгіленеді. Төртіншіден, үлгілік келісімшарттарды оңтайландыру жүзеге асады, мәтіндердің қайталануы 98 пайызға дейін қысқарады. Бесіншіден, қарапайым келісімшарттар аясында жұмыс істейтін қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің жобаларында өндіретін өнім мөлшерінен 10 пайызға дейін ауытқыған жағдайда келісу міндеттерінен босатылады. Яғни, жер қойнауын пайдаланатын инвесторлар азғантай өзгерістер болғаны үшін кеңсе жағалап, табалдырық тоздырмайтын болады. Алтыншыдан, міндетті жобалық құжаттамалар тізбесінен техникалық-экономикалық негіздемелерді талап ету жойылады. Жетіншіден, жер учаскелерінің аумағы бойынша келісімшарттардағы кедергілер кертіледі.

Түйіндей айтсақ, қазір әлем елдері әрбір инвестор үшін талас-тартысқа түсіп отыр. Ендеше, елдегі инвестициялық климатты өзгерте отырып, мемлекеттік мүддені оңтайлы ұстану келешекке қадамды нықтай түсетіні айқын. Ал бұл үшін қолданыстағы заңнама заман талабы мен халықаралық стандарттарға сай жетіліп отыруы керек.