Германия ЕО бюджетін жүздеген миллиард еуроға қысқартуға үндеді
АСТАНА. KAZINFORM — Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропа комиссиясы ұсынған Еуроодақтың 2028-2034 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бюджетін жүздеген миллиард еуроға қысқартуға шақырып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Сәрсенбі күні Берлинде Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта мен канцлер Фридрих Мерц келіссөз жүргізді. Қазіргі уақытта Еурокеңес басшысы Еуропа елдерін аралап, ұзақ мерзімді бюджетті егжей-тегжейлі түсіндіріп жүр.
Tagesschau басылымы Германияның Дания, Нидерланд, Аустрия, Финляндия және Швеция секілді ЕК ұсынған бюджет жоспарының шығынға қатысты баптарының барлығын «тепе-теңдікті сақтай отырып» қысқартуды жақтайтынын жазды. Аталған алты нетто-донор ел ЕО бюджетінің шамамен 40%-ын береді.
Мерцтің айтуынша, Еврокомиссияның 2028-2034 жылдарға арналған 2 триллион еуроға жуық жоспарын еңсеру мүмкін емес, өйткені Одаққа мүше елдер өз бюджетіне қатысты үнемшіл саясат жүргізіп келеді.
Die Welt Мерц ЕО-ның жаңа қарыз алуға қатысты жоспарын кері қайтарғанын, қорғанысқа және бәсекеге қабілетті болуға көбірек қаражат жұмсауды талап еткенін хабарлады.
Бұған дейін Süddeutsche Zeitung басылымы Германия үкіметінің ішкі құжатында ЕО бюджетін шамамен 400 млрд еуроға қысқарту ұсынылғаны жайлы жазған.
ЕО бюджеті 27 мүше елдің барлығы бір ауыздан дауыс бергенде ғана қабылданады. Берлин мен Брюссель Одақ бюджетін 2026 жылдың соңына дейін келісуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Германияда мыңдаған адам демократияны қолдау акциясына қатысқанын жаздық.