21:05, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Германия Қазақстанның энергетикалық секторын жаңғыртуға өз үлесін қосуға ниетті ? Ангела Меркель
БЕРЛИН. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ГФР канцлері Ангела Меркель кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз үшін қысқаша мәлімдеме жасады. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Германияда жүр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Екі елдің басшылары өзара қатынастардың жоғары екенін атап өтті. А.Меркельдің айтуынша, Германия Қазақстанның энергетикалық секторын жаңғыртуға өз үлесін қосуға ниетті. «Германия мысалға, қайтадан қалпына келтірілетін қуат көздері саласындағы технологиялардың көмегімен республика экономикасын әртараптандыруға маңызды үлес қоса алады», - деді ол. Федералдық канцлер оның елі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өтінімін қуаттағанын және «барлық қажетті мәселелер бойынша қолдау көрсетуге әзір» екенін атап өтті. ҚР Президенті Германия мен Қазақстан арасында достық қатынастар нығайып отырғанын атап көрсетті. Соңғы жылда өзара тауар айналымы 6 млрд. еуродан асты. Бүгінде Қазақстандағы неміс инвестициялары 4 млрд. АҚШ долларына жақындады. Мемлекет басшысы «осы жолғы сапар ерекше, өйткені Германияда Қазақстан жылы ашылып отыр. Оның ауқымында экономика, медицина, ғылым мен мәдениет саласында 40-тан астам шара жүзеге асырылады», деп атап өтті. Кездесу барысында Қазақстандағы неміс диаспорасы мен Германияға қазақ жерінен қоныс аударған немістер екіжақты қатынастарда өзіндік көпір болып отырғаны жөнінде әңгіме болды.