Германияда 13 жыл қамауда отырған азаматқа 1,31 млн еуро өтемақы төленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Бавария аймағының билігі Манфред Гендицкиге 13 жыл бойы қате айыптаулар бойынша қамауда болуына байланысты 1,31 млн еуро өтемақы төлеуге келісті, деп хабарлады аймақтық әділет министрлігі.
DW агенттегі дерегіне сәйкес, бұл төлем әділетсіз айыптау, қамауға алу және кейінгі сот процесстеріне қатысты дауларды шешу мақсатында жасалады.
Гендицки ісі 2010 жылы неміс БАҚ-ында кең тараған, оқиғаны «ваннадағы өлім» деп атаған. Мюнхен жергілікті соты Гендицкиді Роттах-Эгерн қаласында қарт әйелді ваннада батырып өлтірді деп өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2012 жылы апелляциялық сот та оны өмір бойына түрмеге қамау туралы үкім шығарды, ал кейінгі апелляциялар еш нәтиже бермеді.
Гендицки өзінің кінәсіздігін дәлелдеуді жалғастырды. Ақыр соңында 2023 жылы ол ақталып шықты. Ақтау себебі — жаңа сараптама нәтижелері әйелдің қайтыс болу себебі төтенше оқиға екенін көрсетті, ал Гендицкиге қатысы жоқ болды.
Босатылғаннан кейін Гендицки мен билік арасында өтемақы сомасына қатысты дау туындады. Ақшалай сомадан «қамауда тұрған кезде тамақ пен тұру шығындарын» шегеру қарастырылған еді, бұл Германиядағы қолданыстағы федералдық ереже талап етеді.
Сонымен қатар, босатылған адам өтемақының бір бөлігінен салық төлеуі және сот шығындарын өтеуі тиіс болды. Барлық осы мәселелер қорытынды келісім арқылы шешілді, деп хабарлады Баварияның Әділет министрлігі.
Билік осындай істерді реттеу бойынша қолданыстағы ережелерді реформалау қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, әділетсіз түрде қамауда болғаны үшін төленетін өтемақы мөлшерін қамауда тұрған әр күн үшін 75 еуродан 100 еуроға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын Германияда ұрылар банктен шамамен 30 млн еуро тонап кеткенін жазған едік.