Германияда қаңтар айында әскерге шақырудың жаңа жүйесі күшіне енеді
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда қаңтар айында 18 жастағы жігіттерді әскери комиссияларға жаппай жіберу басталды, деп хабарлайды Kazinform BILD басылымына сілтеме жасап.
— Бундестаг осы аптада жаңа ережелерді бекітті және билік 2035 жылға қарай бундесвердің санын қазіргі 183 мыңнан 255 - 270 мың сарбазға дейін ұлғайтуды ойластырып отыр, - делінген хабарламада.
Енді 2008 жылы туған барлық азамат алдын ала сауалнама толтыруға шақыратын хат алады. Жас қыздар да ерікті түрде қатысуға шақырылады.
Басылымда әрбір әскерге шақырылғандарды онлайн сауалнамаға жіберетін QR коды бар қағаз хат алатыны туралы атап өтілді. Неміс әскері жасөспірімдерге 40-қа жуық сұрақ қоятын швед әскерінен үлгі алды, бірақ Германияда сауалнаманы толтыру бірнеше минутты алатындай қысқартылды.
Сауалнама негізгі ақпаратты қамтиды: жынысы, отбасылық жағдайы, азаматтығы және әскери өмірге қызығушылығы туралы сұрақ. Онда әр азамат сондай-ақ бойын, салмағын, кез келген мүгедектік немесе баламалы мәртебесін көрсетуі керек, мектеп куәлігін, тіл дағдыларын және бағдарламалау сияқты басқа да дағдыларын тізімге енгізу қажет.
Егер ер адам жауап беруден бас тартса немесе көрінеу жалған ақпарат берсе, оған айыппұл салынуы мүмкін — сома әлі ресми түрде анықталған жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Германиядағы оқушылар әскери қызмет туралы заң жобасына қарсы шығып жатқанын жазғанбыз.