Германияның ең ірі болат құю бизнесін алғаш рет әйел басқарады
АСТАНА.KAZINFORM - Германияның ең ірі өнеркәсіп концерндерінің бірі - Thyssenkrupp компаниясының болат бөлімінің бас директоры болып Мари Ярони тағайындалды, деп хабарлайды DW.
Германияның Thyssenkrupp өнеркәсіптік тобы Мари Ярониді болат бөлімінің атқарушы директоры етіп тағайындады. Thyssenkrupp Steel Europe (TKSE) компаниясының 31 қазан күні жариялаған баспасөз хабарламасына сәйкес, шешім дереу күшіне енеді. 40 жастағы Ярони өнеркәсіп алыбының болат бизнесін басқаратын алғашқы әйел. Ол Деннис Гриммнің орнына келді.
- Кейінгі айларда Мари Ярони стратегиялық көрегендігімен, өзгелерді сендіре алу қасиетімен, өз ісіне берілгендігімен көзге түсті. Осы қасиеттері арқылы болат құю өнеркәсібінің даму бағытын анықтады, - деді Бақылау кеңесінің төрағасы Ильзе Хенне.
— Бас директор қызметіне ауысуымен ол Thyssenkrupp Steel компаниясын басқарушы командасымен бірге табысты болашаққа жетелеу мүмкіндігіне ие болды.
Инженер мамандығы бойынша білім алған Ярони TKSE атқарушы кеңесіне 2014 жылы қосылды. Болат бөлімінің бас директоры ретінде ол бұл қызметте небәрі 14 ай қызмет еткен Деннис Гриммнің орнын басты.
Dpa агенттігінің хабарлауынша, шамамен 27 000 адамды жұмыспен қамтитын Thyssenkrupp Steel Europe компаниясы сұраныстың төмендеуіне және азиялық өндірушілер тарапынан бәсекелестіктің артуына байланысты қаржылық қиындықтарға тап болды. Дуйсбургте орналасқан компания шығындарды азайту және осы шара арқылы ұзақмерзімді пайдаға қол жеткізу арқылы 2030 жылға қарай жұмыс күшін шамамен 16 мыңға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
Thyssenkrupp Group қазіргі уақытта Үндістанның Jindal Steel International компаниясымен болат бизнесін сату мүмкіндігі туралы белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр.
Осыған дейін Германияда үкіметтің жұмысына көңілі толмайтындардың қатары көбейгені туралы жаздық.