Ғизат Нұрдәулетов Мәскеуде ТМД Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысты
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының XIII кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Жиында өңірлік қауіпсіздік жағдайы жөнінде жан-жақты пікір алмасу болды. Тараптар ТМД аумағындағы сын-қатерлер мен қауіптерді және оған бірлесіп ден қою шараларын талқылады.
— Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы әріптестерін еліміздің негізгі бағыттар бойынша ұстанымымен таныстырып, ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, халықаралық террористік желілердің қызметін тоқтату, есірткі қылмысына және цифрлық активтермен операциялар салаларындағы теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен шараларды күшейту мәселелері қаралды, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Бішкекте өткен «Орталық Азия – Үндістан» форматында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес хатшылары мен кеңесшілерінің үшінші кездесуіне қатысқан болатын.