Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы Қазақстанға жүк және жолаушылар рейстерін ашады
АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы Cathay Қазақстанға тұрақты жүк және жолаушылар рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Компанияның жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздан бастап «Боинг-747» ұшақтарымен Гонконг — Астана бағыты бойынша аптасына бес ретке дейін тұрақты жүк рейстері орындалады.
Сондай-ақ 2027 жылғы қаңтардан бастап «Эйрбас А330» ұшақтарымен Гонконг — Алматы бағыты бойынша аптасына үш рет тұрақты жолаушылар рейстерін ашу көзделген.
Қазақстан тарапы жаңа бағыттарды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта рейстерді ашуға қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Жаңа әуе бағыттарының іске қосылуы Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық және туристік байланыстарды нығайтып, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Cathay — Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы және Азиядағы ең ірі халықаралық әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания еншілес кәсіпорындарымен бірге 237 әуе кемесін пайдаланады және 100-ден астам бағытқа жолаушылар тасымалдайды. Ал Cathay Cargo 41 бағыт бойынша тұрақты жүк рейстерін орындап, жыл сайын 1,67 миллион тоннадан астам жүк тасымалдайды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудан Үрімшіге және Астанадан Ыстықкөлге тікелей рейстер ашылғанын жазғанбыз.