Грант бөлуде қателіктер жібергендер қандай жауапкершілікке тартылды - депутат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін тағайындалған мемлекеттік грант мәселесіне қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл мектеп бітірген түлектерге жоғары оқу орындарында білім алуға гранттарды үйлестіру ісі қоғам тарапынан көптеген наразылық тудырды. Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы болмайды, білім гранты тек Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге беріледі деп мәлімдеген. Ал шын мәнінде білім гранттары қолданыстағы «Білім туралы» Заң мен білім грантын беру ережесіне сәйкес, «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығын сақтай отырып бөлінді. Осы қарама-қайшылық талапкерлер мен ата-аналардың түсінбеушілігін туғызды. «Білім туралы» Заңының 26- бабының 5-тармағына сәйкес, «Алтын белгімен» марапатталған түлектердің конкурс өткізу кезінде білім беру грантын алуға басым құқығы бар. Алайда Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранты конкурсының нәтижесі бойынша грант иегерлері тізімін екі рет жариялаған, яғни 10 тамызда және 14 тамызда. Бірінші тізімде министрлік «Алтын белгі» белгісімен марапатталған түлектердің басымдығын ескере отырып, гранттарды бөлген, ал екінші тізімде «Алтын белгі» иегерлері алынып тасталып, ҰБТ-дан жоғары балл алғандар грантқа ие болған. Шындығына келгенде, бұның барлығы әркімнің қалауынша шешіле беретін емес, қолданыстағы заң бойынша әділ шешімін табатын мәселе»,- деді Әбдіманап Бектұрғанов.
Осы орайда депутат көкейіндегі бірнеше сұрақтарды қойды.
«Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім грантын тағайындау кезінде конкурстық комиссиясы қолданыстағы заңды басшылыққа алмай, енді ғана дайындалып жатқан заң жобасына сілтеме жасап, шешімін неге өзгертті? Екіншіден, 2017 жылғы 26 шілдедегі «Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 446 қаулысымен грант бөлу конкурсында «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы сақталған. Ендеше, министрлік шешімі қандай құжаттарға негізделген? Үшіншіден, бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілді? Елімізде бір жоғары оқу орнынан алынып тасталып, басқа бір аймағының жоғары оқу орнына қайта бөлінген талапкерлердің жағдайы қалай болды? Бұл туралы нақты ақпарат жоқ»,- деп тоқталды депутат.
Бұдан бөлек ол медициналық мамандықтар бойынша тапсырысты жариялау кезіндегі кемшілікке де назар аударды.
«Неліктен медициналық мамандықтар бойынша бөлінген мемлекеттік тапсырыстың медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы бөлінісі құжаттар тапсыру аяқталуына бір күн қалғанда жарияланған? Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерге сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарына түскен «Алтын белгі» иегеріне берілген 220 грантты Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде жарамсыз етіп тастағанын қалай түсінуге болады? Грант бөлу кезінде екі түрлі бұйрық шығарып, қателіктер жіберген министрліктердің жауапты қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылды?»,- деді Әбдіманап Бектұрғанов.