Грекия — Қазақстан футбол матчына 18 мың билет сатылып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Қазақстан және Грекия кездесуіне қазірге дейін 18 мыңнан астам билет сатылған. Аталған ойын Грекия астанасы Афина қаласындағы 30 мыңға тарта адам сиятын OPAP Arena стадионында өтеді.

футбол
Фото: kff.kz

2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін екі құрама 21 наурызда бақ сынайды.

Ойын 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35-те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

ФИФА рейтингінде Грекия құрамасы 49-орында тұрса, Қазақстан 100-орынға жайғасқан. 

Екі құрама бұған дейін үш мәте кездесіп, барлығында грекиялық футболшылар жеңіске жетті.

Алдымен 2006 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінде екінші топта бақ сынаған ел құрамасы аталған қарсыласына 1:3, 1:2 есебімен жол берді.

Ал 2006 жылы Кипрде өткен халықаралық турнирде тағы да 0:2 есебімен жеңіліп қалды. 

Оқу-жаттығу жиыны аясында қазақстандық футболшылар Түрікменстанмен өткен жолдастық кездесуде қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Кейіннен оқу-жаттығу жиынына Бактиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов қосылды.

Айта кетсек, футболдан Қазақстан құрамасы бүгін, 19 наурызда Грекияға аттанады.
 
Ежелгі Эллада елінің өкілдері құрлықтық додада небәрі 4 мәрте бақ сынаған.

Алғаш рет 1980 жылы Еуропа чемпионатына бет түзген олар араға бақандай 24 жыл салып дүбірлі додаға қайта оралды.

Сол жылы айды аспанға шығарып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Одан кейінгі 2008, 2012 жылдарда сол нәтижесін қайталай алған жоқ. 2008 жылы топтық кезеңде сүрінсе, 2012 жылы ¼ финалдан еліне қайтты. 

Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Жеңімпаз құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алады.

Қазақстандық футболшылар құрлықтық доданың іріктеу сатысында H тобында сынға түсіп, үшінші орынға тұрақтады.

Олар барлығы 18 ұпай жинап, ұлттық құраманың рекордын жаңартты.

Соңғы жаңалықтар