Грекияда әнші Мазонакис қайтыс болған клиникаға қатысты тергеу басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Грекияда танымал әншілердің бірі, 54 жастағы Йоргос Мазонакистің Афинадағы жекеменшік медициналық орталықта жүрегі тоқтап, қайтыс болуына байланысты тергеу басталды. Ол медициналық орталыққа плазмаферез процедурасынан өту үшін барған, деп хабарлайды Anadolu.
Тергеушілер процедураның талапқа сай жүргізілген-жүргізілмегенін және медициналық орталықтың плазмаферез жасауға рұқсаты бар-жоғын анықтап жатыр.
Грек бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиғаға байланысты екі дәрігер ұсталған. Құқық қорғау органдары плазмаферез аппаратының қосулы күйінде кемінде 45 минут жұмыс істегенін анықтаған.
Ұсталған медицина қызметкерлері процедураның «тіпті басталып үлгермегенін», ал Йоргос Мазонакистің екінші көктамырішілік катетерді орнату кезінде өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Алайда аппараттың 45 минут жұмыс істеуі қан тазарту процедурасының басталып кеткенін көрсетуі мүмкін.
Медициналық орталықтан жедел шақырту түскеннен кейін оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері әншінің тамыры соқпай тұрғанын анықтаған. Дәрігерлер қанша күш салғанымен әншіні «Элпис» ауруханасында аман алып қалу мүмкін болмаған.
Грекияның Денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадис аталған медициналық орталықтың тек терапиялық кабинет ретінде тіркелгенін және онда плазмаферез процедурасын жүргізуге рұқсат болмағанын мәлімдеді.
Афина медициналық қауымдастығының төрағасы Йоргос Патулис те орталықтың плазмаферез аппаратын пайдалануға құқығы болмағанын айтты.
Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Ақтау қаласында экс-депутат жеке клиникада ота кезінде комаға түсіп, көз жұмды.
Сондай-ақ заң бұзушылықтардан кейін пластикалық хирургия клиникалары жаппай тексерілетіні хабарланды.