Ақтауда экс-депутат жеке клиникада ота кезінде комаға түсіп, көз жұмды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық мәслихатының экс-депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы клиникада жасалған ментопластикадан кейін көз жұмды. Депутат иегінің астындағы артық майды алдырғысы келген. Алайда клиникаға өз аяғымен барған ер адам операция кезінде инсульт алып, 1 ай комада жатып, қайтыс болған.
Маңғыстау облыстық мәслихатының экс-депутаты және «KazPetroDrilling» компаниясының Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті Ербол Айтуов 4 сәуір күні иек астындағы артық майды алдыру үшін «Қасиет» жекеменшік клиникасына операцияға барған.
Жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, анестезия дұрыс берілмей жолдасының қан қысымы мен қант мөлшері көтеріліп, комаға түскен.
— 13:40 шамасында ота жасайтын хирург Артур Тажиев хабарласып, оның қан қысымы көтерілгенін ғана айтты. Жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізу керек деді. Оның комаға түскенін ескертпеді. Сонда 9:40–та комаға түссе, неге 13:40–қа дейін күткен?! 4 сағат бойы алғашқы көмек көрсетілмеген, наркоздан шығаратын дәріні салмаған, оттегі аппаратына қоспаған, ешқандай шара қолданбаған, — дейді марқұмның әйелі.
Жеке клиникадан облыстық ауруханаға жеткізілген науқас сол күйі есін жимастан бір ай жатып, тіл тартпай кеткен.
Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті осы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олар «Қасиет» клиникасын тексеріп, көптеген заңбұзушылық анықталғанын жеткізді.
— Орталықтың хирургиялық ота бөлімі талапқа сәйкес медициналық құрылғылармен толыққанды жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, «анафилаксиялық шокқа қарсы» арнайы аспаптардың жоқ екені анықталды. Сондай-ақ, ота бөлімінде жедел көмек көрсету жабдықтары талапқа сай келмейді. Науқастың зертханалық талдауы толық болмай, талдаудағы нәтижесі ескерілмей, метаболикалық бұзылыстарын түзетпей, медициналық қарсы көрсетілім болса да, отаға жіберген. Сәтсіз интубация анестезия кезінде артериялық қысымның көтерілуі мен ми гипоксиясының басты себебі болуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Департамент тарапынан Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабы бойынша «Лицензиялау нормаларын немесе рұқсат беру рәсімдерін бұзу» бойынша хаттама толтырылған. Тексеріс қорытындысы прокуратураға жолданбақ.
Бұған дейін, Алматыда пластикалық хирургия клиникасында танымал блогер көз жұмған болатын.