Грузия азаматтарының жұбайларына арналған тұруға ықтиярхаттың жаңа санатын енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы ел парламентінің пленарлық отырысында үкімет бастамашы болған «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесі туралы» заңға түзетулер пакетін талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Дарахвелидзе мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Дарахвелидзенің айтуынша, заңнамалық өзгерістер көші-қон үдерістерін басқаруды жетілдіруге және заңсыз көші-қонға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған.
Оның сөзінше, түзету ең алдымен, оқу және тұрақты тұруға ықтиярхат берудің қолданыстағы тәртібін қайта қарауды көздейді. Қазіргі уақытта Грузияда оқу негізіндегі тұруға ықтиярхатты 35 мыңнан астам шетел азаматы пайдаланып отыр. Ал Грузия азаматымен некеге тұру негізінде берілетін тұрақты тұруға ықтиярхатқа шамамен 30 мың адам ие.
— 2026 жылдың бірінші тоқсанында осы санаттағы тұруға ықтиярхатқа сұраныс үш есе артты. Бұл көші-қон артықшылықтарын алу үшін жалған некелердің қолданылу қаупін көрсетуі мүмкін, — деді Александр Дарахвелидзе.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Грузия азаматымен некеге тұрған шетел азаматтары енді бірден мерзімсіз тұру мәртебесін ала алмайды. Оның орнына Грузия азаматының жұбайына арналған арнайы тұруға ықтиярхат енгізіледі.
Алғашқы кезеңде бұл құжат бір жыл мерзімге беріледі, кейін оны екі жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Құжат берілер алдында шетел азаматы мен оның грузиялық жұбайы арнайы комиссияда әңгімелесуден өтуі тиіс. Егер жалған неке белгілері анықталса, материалдар қосымша тексеру үшін тергеу органдарына жолданады.
Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалған неке — қылмыстық жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық. Егер некенің жалған екені дәлелденсе, ол жарамсыз деп танылып, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Ал тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталмаса, тұруға ықтиярхат белгіленген тәртіппен беріледі. Неке бес жыл бойы сақталған жағдайда, шетел азаматы тұрақты тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.
Үкіметтің пікірінше, жаңа тетіктер көші-қон бақылауының тиімділігін арттыруға, көші-қон мәртебесін алу кезіндегі теріс пайдаланудың алдын алуға және ел аумағында шетел азаматтарының тұру негіздерін қосымша тексеруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Грузия билігі шетелдіктердің елде заңдастырылуы үшін қолданылатын жалған некелерге қарсы күресті күшейтіп жатқаны хабарланған болатын.