Грузия неке арқылы елде тұруға рұқсат алу ережелерін қатаңдатты

АСТАНА. KAZINFORM – Грузия билігі шетелдіктердің елде болуын заңдастыру үшін қолданылатын жалған некелерге қарсы күресті күшейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Грузия ужесточает правила получения ВНЖ через брак
Фото: HomesOverseas.ru

Елдің ІІМ хабарлауынша, Грузия азаматы мен шетелдік арасында елде тұруға рұқсат алу немесе елде заңды тұрудың басқа негіздері үшін жасалған жалған некелерді қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылып отыр.

Заң жобасына сәйкес, мұндай бұзушылықтар үшін айыппұл салу, бір жылдан екі жылға дейін үйқамаққа алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Шетелдіктерге қатысты қосымша шаралар да ұсынылды: Грузиядан депортациялау және елге екі жылдан он жылға дейін кіруге тыйым салу.

Өзгерістер пакеті көші-қон процестерін бақылауды күшейтуге, тұруға рұқсат алу кезінде теріс пайдаланудың алдын алуға және көші-қон режимін бұзуды анықтау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Ведомство сондай-ақ шетелдік азаматтардың Грузияда болуына қатысты ережелерді қатаңдатуды, көші-қон органдарының өкілеттіктерін кеңейтуді және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау тиімділігін арттыруды ұсынып отыр.

Парламент мақұлдаған жағдайда жаңа ережелер соңғы жылдары шетелдіктердің елде болу негіздерін бақылауды үнемі күшейтіп келе жатқан Грузияның көші-қон саясатын қатайту жолындағы тағы бір қадам болады.

Осыған дейін Грузия иммиграциялық ережелерді қатаңдататынын жаздық.

Сондай-ақ елде 6 айдан астам шетелде жүрген азамат медсақтандырудан айырылатынын жазған болатынбыз.