Грузия шетелдік студенттерге арналған ережелерді күшейтті

АСТАНА.KAZINFORM — Грузия парламенті бірінші оқылымда шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың елдеболу ережелерін күшейтетін заңнамалық түзетулер пакетін, соның ішінде халықаралық студенттерге қойылатын жаңа талаптарды мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы тілшісі. 

Грузия шетелдік студенттерге арналған ережелерді күшейтті
Фото: Грузинформ

Үкімет бастамасына сәйкес, Грузия университеттеріне түсуді жоспарлап отырған шетелдіктер оқыту тілін меңгергендігін растайтын сертификат ұсынуы тиіс. Ұлттық бағалау және емтихан орталығына белгілі бір жағдайларда арнайы тілдік емтихандарды ұйымдастыруға да рұқсат беріледі.

Жаңа ережелер халықаралық студенттерге қосымша білім беру талаптарын да енгізеді. Атап айтқанда, олар жыл сайын оқу бағдарламасының кемінде үштен бірін аяқтауы керек. Егер студент оқуын 90 күннен артық уақытқа тоқтатса, бұл олардың елде тұру рұқсатын қайтарып алуға негіз болады.

Түзетулер жалпы иммиграциялық заңнамаға да әсер етеді.

Бұған дейін билік Грузия азаматымен некеге тұру арқылы елде тұрақты тұруға рұқсат алуды бақылауды күшейтуді көздеп отырғаны хабарланған болатын. Қылмыстық кодекске шетелдіктерді елде заңдастыру мақсатында жасалған жалған неке үшін жаза көздейтін бөлек бап қосу жоспарланған. Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өзгерістер шетелдік азаматтардың елге кіруін, тұруын және заңды мәртебесін бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Бұған дейін Грузия азаматтарының жұбайларына арналған ықтиярхаттың жаңа санатын енгізетіні хабарланған.