Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Грузияда шетел азаматтарының бірыңғай тізілімі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Грузияда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Шетел азаматтарының бірыңғай тізілімі және ел аумағында заңсыз жүрген немесе бұрын заңсыз болған шетелдіктердің дерекқоры құрылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі JNews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Единый реестр иностранных граждан создадут в Грузии
Фото: Business Media

Тиісті өзгерістер «Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесі туралы» заңға енгізілген түзетулерде көзделген.

Жаңа тәртіпке сәйкес, Бірыңғай тізілім шетел азаматтары мен олардың құқықтық мәртебесіне қатысты бірыңғай ақпараттық қор қалыптастыру үшін құрылады. Оны Грузия Әділет министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтерді дамыту агенттігі жүргізеді.

Тізілімді жүргізу тәртібі, ондағы мәліметтерді, оның ішінде биометриялық деректерді өңдеу және мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу қағидалары Үкімет қаулысымен бекітіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Грузияның Ішкі істер министрлігі елде заңсыз жүрген немесе бұрын заңсыз болған шетел азаматтарына қатысты жеке дерекқор жасақтайды.

Бұл дерекқордағы мәліметтер көпшілікке қолжетімді болмайды. Оны қалыптастыру, жүргізу, ақпаратты өңдеу және өзге мемлекеттік органдармен алмасу тәртібін Ішкі істер министрі белгілейді.

Бұған дейін Грузия Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Дарахвелидзе Бірыңғай тізілім құру жоспары туралы мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, жаңа жүйе шетел азаматтарының елге келуін, тіркелуін және мемлекеттік қызметтерді пайдалануын тиімдірек бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заңсыз көші-қонмен күресті күшейтуге ықпал етеді.

Осыған дейін Грузия неке арқылы елде тұруға рұқсат алу ережелерін қатаңдатты.