Грузияның туризмнен түскен табысы 6,6 пайызға өсіп, 1,66 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның халықаралық туризмнен түскен табысы 2025 жылдың үшінші тоқсанында 1,66 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға көп, деп хабарлайды Грузия Ұлттық банкі.

Табыстың үлкен бөлігі Еуропалық Одақ елдерінен келген туристерге тиесілі болды, олар 238 миллион доллар алып келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13% өскен көрсеткіш. Әсіресе Әзербайжан мен Израильден келген туристерден түскен табыс тез өсуде — өсім тиісінше 36% және 28% құрады. Сонымен бірге Ресейден келген туристерден түскен табыс азайып келеді — үш ай ішінде 14% төмендеді.
Кірістер бойынша Ресей 252,5 миллион доллармен көш бастап тұр, одан кейін ЕО елдері 238,2 миллион доллармен, Түркия 195,7 миллион доллармен тұр. Сондай-ақ Израиль (188,3 миллион доллар), Сауд Арабиясы (85,9 миллион доллар), Әзербайжан (66,4 миллион доллар), Армения (61,4 миллион доллар), Украина (44,9 миллион доллар), Иран (42,9 миллион доллар) және Беларусь (36,9 миллион доллар) айтарлықтай үлес қосты.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында Грузияның халықаралық туризмнен түскен табысы 3,6 миллиард долларға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға өсті.
Алайда, сарапшылар Грузияда жүрген Ресей, Беларусь және Украина азаматтарының біразы мұнда тұрақты тұратынын және тұрғындар болып есептелетінін айтады. Сондықтан олардың шығыстары туристік кіріс ретінде есептелмейді. Осыған қарамастан, Грузия туризмді белсенді дамытып, дүниежүзінен келушілер санын арттырып келеді.
Бұған дейін Грузияда жолаушылар ағынының рекордтық өсімі тіркелгені хабарланған болатын. Екінші тоқсанда елге 1,8 миллион шетел азаматы келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан.