Гуанчжоудағы спорт қалашығы 14 мың спортшыны қабылдауға дайын
БЕЙЖІҢ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Гуанчжоуда өтетін 16-Азиада ойындары кезінде спорт қалашығы азияның 45 елінен келетін 14 мың атлет пен спорт саласы шенеуніктерінің үйіне айналмақ.
Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, Азия мемлекеттерінен келетін спортшылардың тамақтану әдеттері мен діні ұстанымдарын ескере отырып, ұйымдастырушылар атлеттердің көңілінен шығу үшін барлық жағдай жасаған.
Мысалға, 3 892 адамға есептелген спорт қалашығының асханасы тәулік бойы жұмыс істейді, ол Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, сонымен қатар Макдональдс тағамдары қойылатын алты аймаққа бөлінген. Ас мәзірінде 800 түрлі тағам, сондай-ақ сол елдің астары бар.
Спорт қалашығында мұсылмандарға, католиктерге, протестантар мен будда дінінің өкілдеріне арналған бөлмелер бар. 16 қараша күні барша мұсылман қауымы үшін Қасиетті Құрбан айт мерекесі басталатындықтан, қытайлық билік өкілдерінің айтуынша, мұсылман спортшылар үшін барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, спортшылар үшін кинотеатр, караоке-бар, бассейн, теннис және фитнес орталықтары бар демалыс аймағы да құрылған. Және де қытай тілін үйренемін деушілерге Азиада кезінде арнайы оқыту бағдарламасы қарастырылған.