Гүлмира Сатыбалдының ісі: жәбірленушілер 11,5 млрд теңге моральдық және материалдық шығын өндіріп алмақ
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Гүлмира Сатыбалданың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде жәбірленушілер моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап етіп, азаматтық іс қозғауға өтініш жасады.

Зардап шеккен кәсіпкер Абай Жүнісовтің адвокаты Рашид Теңізбаев айыпталушы Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаев 2019 - 2021 жылдар аралығында компаниядағы сенімді адамдар арқылы Жүнісовтің акцияларын заңсыз иемденгенін айтты.
Осылайша, сотталушылар заңсыз әрекеттерімен Абай Жүнісовке жалпы сомасы 2,6 млрд теңге материалдық шығын келтірген.
Бұдан бөлек, адвокат Жүнісовтің моральдық шығыны 8,3 млрд теңге екенін тілге тиек етті.
Тағы бір жәбірленуші Қасым Жүнісов сотталушылардың келтірген моральдық шығыны - 333 млн теңге екенін жеткізді.
Ал, жәбірленуші Алтай Жүнісов соттан 209 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріп алуды сұрады.
Түсірілген шағымның жалпы соммасы 11,5 млрд теңге болды. Сатыбалды мен Батыршаев талаптармен келіспеді.
Осыған дейін Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяны ауыстыруды талап еткен болатын.
Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот тергеуі 19 тамыз күні аяқталды.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бірлескен серіктестікте ұрлық жасады деген күдікпен кінәсін мойындауды талап етіп, 2019 жылдың ақпанынан бері үйінде заңсыз қамауда ұстағанын айтқан еді.
Сот отырысы кезінде Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Былтыр Гүлмира Сатыбалды біреудің мүлкін иемдену және жымқыру қылмыстық ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.