Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша жәбірленуші куәгер ретінде сөйледі

сот
Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Іс бойынша жәбірленуші Абай Жүнісов куәлік берді.

Кәсіпкер Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бірлескен серіктестікте ұрлық жасады деген күдікпен кінәсін мойындауды талап етіп, 2019 жылдың ақпанынан бері үйінде заңсыз қамауда ұстағанын айтты.

Бір айға жуық «үйқамақта» болғаннан кейін кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының Алматыдағы Kaisar Plaza бизнес орталығындағы кеңсесіне жеткізілген.

«Менде қорқыныш болды. Онда мені не күтіп тұрғанын білмедім. Кабинетке кіре сала Гүлмира Сатыбалды бұл біздің соңғы кездесуіміз болуы мүмкін екенін айтты. Мені Қайрат Сатыбалдының кеңсесі орналасқан жоғарғы қабатқа апарды. Оның маған айтқан алғашқы сөзі әдепсіз сөздер болды... Сосын Гүлмира кіріп, тағы да мені ақша жымқырды деп айыптай бастады. Мен бұл менің кінәм емес екенін түсіндірдім. Содан Қайрат мені тар кабинетке кіргізіп, ұрлыққа қатысым бар ма деп сұрай бастады. Мен тазамын, мені негізсіз айыптайды деп жауап бердім. Егер бірдеңе тапса, қызылға қызыл, қараға қарамен шешетіндерін айтты. Басқа жаққа қашып кетсем, жердің түбінен суырып алатынын айтты», - дейді жәбірленуші.

Айтуынша, Қ.Сатыбалдыұлы ұрлық дерегін анықтау үшін өз қызметкерлеріне компанияға тексеру жүргізуді тапсырған.

Абай Жүнісовтың сөзінше, оны шындық детекторымен тексеру үшін бір жерге жеткізген.

«Олар мені бір кабинетке кіргізді. Маған құрылғылар бекітіп, менің шетелде, Қазақстанда жасырын шоттарым немесе активтерім бар-жоғын анықтау үшін сынақ жүргізді»,- деді ол.

Сот барысында Абай Жүнісов бұрынғы әйелі сотталушы Гүлмира Сатыбалдының туған әпкесі екенін растады.

Бұған дейін Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы басталғанын жазған едік.

Айта кетейік, алдын ала тыңдау кезінде, айыпталушы Г. Сатыбалды алқабилер сотына қатыспайтынын жеткізген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Гүлмира Сатыбалды біреудің мүлкін иемдену және жымқыру қылмыстық ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот оған 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салды.

Гүлмира Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, Гүлмира Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу кезінде шекара асып кетпек болған.

Гүлмира Сатыбалды айыптаулармен келіспейтінін айтып, әділ шешім қабылдауға өтініш жасаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram