Ғылым - білім - инновация үштігінің синтезі әлемдік экономика дамуының тұрақсыздығы кезінде тіптен маңызды бола түспек - Б. Жұмағұлов
АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - «Ғылым - білім - инновация» синтезі феноменінің әлемдік экономика мен қоғам үшін маңызы зор. Оның елді дамытудағы алар орны ерекше.
Бұл туралы бүгін Назарбаев Университетінде Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министр өз ойын сабақтай келе: «Осы кезде ғалым профессор Сергей Капицаның «Қазіргі уақытта білім экономикасы қоғамның дамуын анықтайды. Білім бақылаусыз көбейіп, таратылу қабілетіне ие, өйткені идеялармен алмасу әрбір жеке тұлғаның білімін көбейтуге әсер етеді. Нәтижесінде білім жүйесі білім экономикасын да қалыптастырады» деген сөздері еске түседі.
Әсіресе, аталған үштағанды қалыптастыру әлемдік экономикалық дамудың тұрақсыз жағдайында өзекті болып табылады», - деді.
Сондықтан мұндай міндеттерді шешу барлық еуразия елдері үшін өте маңызды екендігін баса айтты министр.
«Бұл бағыт бойынша біз де жүйелі дамып келеміз. Бұған Назарбаев Университеті мысал бола алады.
Осы тәжірибені басқа жоғары оқу орындарына тарату жоспарында зерттеу университеттерін құру заңмен белгіленген.
Біз ғылым мен инновацияны жоғары оқу орындарына мақсатты енгізе бастадық. Олар экономика мен білімдегі жаңа білімдер мен жаңа технологиялардың негізгі генераторларына айналуы тиіс», - Б. Жұмағұлов.
Оның берген мәліметінше, елімізде инновациялық бағытта 10 жоғары оқу орны жұмыс істейді.
Бұл жоғары оқу орындарына ғылым мен инновацияны, зерттеулерді коммерцияландыруды, талантты жастарды тартуды дамыту үшін мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетіліп келе жатыр.
«Бұл саланың еліміз үшін интеграциялық әлеуеті жоғары деп ойлаймын және осы форумда оған ерекше назар аудару қажет», - деп түйіндеді өз сөзін Білім және ғылым министрі.