Ғылым фестивалінде Назарбаев зияткерлік мектебінің 6 жобасы үздік деп танылды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Болашаққа қадам» ІІ республикалық ғылым фестивалі мәресіне жетті. Үздік зерттеулердің қатарында қызылордалық зияткерлердің жобалары көш бастап тұр. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Қазылар алқасының назарына 300-ге жуық жоба ұсынылған. Соның ішінде сырбойылықтар ұсынған 12 жобаның 6-уы үздік деп танылып, 2-уі ерекшелігімен көзге түсті. Гүлбике Батырбай химия пәнінің мұғалімі Марат Сыздықовтың жетекшілігімен синтетикалық силикофосфаттарды, сорбенттерді зерттей отырып, пайдаланған суды тазалап, қайта қолдану әдісін ұсынды. Бұл өндірісте жұмсалатын материалдарды үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ лауреат атанған жобалардың ішінде Айзат Әбдіраманның да жұмысы бар. Жас ғалым жетекшісі Қуаныш Сәменовпен бірге тригонометриялық теңсіздікті бірлік шеңбер әдісімен шешу жолын ойлап тапты. Бұл ең бірінші теңсіздікті шешу уақытын үнемдейді, сонымен қатар жеңілдетеді. «Күрделі эфирлерді жоғары сәулелендіру жағдайында алу» атты жоба да қазылардың қызу талқысына түсті. Нариман Дәрікүл мен Александра Сим бірігіп жасаған зерттеулерінде күрделі эфирлерді зауыттарда емес, қарапайым қысқа толқынды пеште алып, органикалық затты синтездеу уақытын 60 есеге дейін азайтуға болатынын, ал өнім сапасы мен саны көбейе түсетінін дәлелдеп көрсетті. Айта кетейік, бұл жоба химия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ассоциациялық профессоры Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен дайындалған. Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының ғылымға деген қызығушылығының арта түсуі де осы белгілі ғалымның арқасында деуге әбден болады. «Ал Рамазан Досыбек пен Айгерім Сүлейменнің жұмыстары «Үздік қорғау» номинациясында ерекшеленді. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, сертификаттармен марапатталды. Үздік деп танылған жобалардың жетекшілері алғыс хат иеленді», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар
Референдум