Ғылыми дәрежесі бар педагогтер мен қызметкерлерге берілетін қосымша ақы мөлшері артуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер мен ғылыми қызметкерлерге мемлекеттік бюджеттен есебінен төленетін қосымша ақы сомасын ұлғайту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы редакциямыздың ресми сауалына жолданған Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 15 қарашада ел Президенті қол қойған заң шеңберінде базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу енгізілді. Сондай-ақ, ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі - іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру енгізілді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландырудың ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды. Жүргізілген шаралар нәтижесінде ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге өсті. Қазір ең төменгі жалақы мөлшері - 120 мың теңге, ең жоғары - 500 мың теңге», - делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ былтыр қарашада бірқатар Сенат депутаты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Заң жобасы шеңберінде негізгі жұмыс орны бойынша педагогтер мен ғылыми қызметкерлерге мемлекеттік бюджеттен төленетін қосымша ақы мөлшерін ұлғайту көзделген.

«Осылайша, қазіргі уақытта министрлік ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы болған жағдайда негізгі жұмыс орны бойынша педагогтер мен ғылыми қызметкерлерге мемлекеттік бюджеттен қосымша ақыны ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізуде. Еңбек кодексіне сәйкес, ғылыми қызметкерлердің еңбегі үшін оларға берілетін сыйақыны жұмыс беруші анықтайды. Осыған орай ғалымдардың жалақысы ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары басшыларымен бекітіледі», - деп жазылған ведомство ұсынған ресми жауапта.


Соңғы жаңалықтар