Ғылыми жобаларды тиімді коммерцияландыру үшін қағазбастылықты азайту керек - сарапшы

«Егер де, Қазақстандағы ғылыми технологиялық жобаларды коммерцияландыру саласын өзге елдермен жалпылама салыстыра отырып, объективті түрде ой түйетін болсақ, Қазақстан сәл артта келе жатыр. Бұның мынандай бір себебі бар деп ойлаймын: Кеңес одағы ыдыраған кезде бұрынғы кеңестің елдердің ғылымы құлдырауға ұшырады. Елдер арасындағы ғылыми байланыс үзілді. Бұл құбылыс Қазақстанның ғылымына да зиянын тигізбей қоймайды. Сондықтан, жағдайды жақсарту үшін ғылымға қаржылай ресурс пен адами фактордың бар күш-жігерін жұмсау керек. Қазақстан Республикасында ғылымды қаржыландырудың көлемі артса, ол өз кезегінде міндетті түрде оң нәтижесін береді», - дейді сарапшы.
О.Дяньченко жуырда Мемлекет басшысы қол қойған «Коммерцияландыру туралы» заңға да атсалысқанын айтты. «Заң жобасын әзірлеуге тікелей ат салыстық. Ғалымдардың мүддесін қорғайтын тармақтар мен оларды ынталандыру жолдарын заң жобасына енгізуге тырыстық. Әрине, қалауымыздың бәрі енді деп айта алмаймын, бірақ, ең маңызды деген тармақтар заңда қабылданды», - дейді ол.
«Енді, коммерцияландыруға бағытталған нақты бағдарламаларға тоқтала отырып, Қазақстан мен шет елдердегі жағдайды салыстыратын болсақ, көбіне, бұл бағыттағы бағдарламалар ұқсас келеді. Олардың жүзеге асырылу қағидаттары да, коммерцияландыру жобалары да ұқсас. Жалпы, ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында шешімін күтіп тұрған бір мәселе - бюрократияны жою. Өкінішке орай, шет елдерде де, Қазақстанда да ғалым өз жобасын грантқа ұсыну үшін «керексіз» қабат-қабат құжат жинап әкелуі керек. «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» мен Дүниежүзілік банк бірлесе атқарған ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру жобасының арқасында бұл сең жіби бастағандай. Себебі, жоба аясында біраз құжаттар электронды форматқа ауыстырылды». - деп түйіндеді сөзін ол.
Айта кетейік, «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы аясында 2014 жылы бас-аяғы 65 грант бөлінген. Гранттардың жалпы сомасы 5,9 млрд теңгені құрайды. Қазір осы жобалардың ішінен 35 гранттың өнімі, болмаса, ғылыми жаңалығы сатыла бастады. Осы 35 грант коммерциялана отырып, 880 млн теңгенің өнімін сатқан.