Хабиба, Халима және Хамида есімді шымкенттік үшем үйіне шығарылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте осыдан 1 ай бұрын қалалық перзентханада дүниеге келген үшем бүгін үйіне шығарылды. Ауыр жағдайда босанған келіншек пен оның перзенттері дәрігерлердің жіті бақылауында болған.
Шымкент қаласының тұрғыны Әйгерім Анарқұл 2025 жылғы 28 қарашада жүктіліктің 33-аптасында ота жолымен үшем қызды дүниеге әкелді. Сәбилердің туған кездегі салмағы 1300-ден 1495 грамға дейін болды.
— Нәрестелер дүниеге келген алғашқы тәулікте қалалық перзентханадағы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болды. Кейін үшем қыздар 39 күн бойы нәрестелер патологиясы бөлімінде ем қабылдады, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Қазіргі уақытта сәбилердің салмағы 2175 грамнан 2365 грамға дейін артты. Дәрігерлер ананың және жаңа туған нәрестелердің жағдайын тұрақты деп бағалап, оларды үйіне шығарды.
Ата-анасы Хабиба, Халима және Хамида деп ат қойған жаңа туған қыздар анасының жанында, жағдайлары тұрақты. Олар ана сүтімен және қосымша тағамдармен тамақтанып жатыр.

Дәрігерлер уақытылы көрсетілген медициналық көмектің және жаңадан босанған ананың төзімділігінің арқасында үшемнің стационардан тыс өмірге сәтті бейімделгенін атап өтті.
— Кішкентай періштелерге мықты денсаулық пен ұзақ, бақытты ғұмыр тілейміз, — деді дәрігерлер.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Шымкент қаласында 27 457 сәби дүниеге келді. Оның 286-сы — егіз және 5-еуі — үшем.
Бұдан бұрын шымкенттік дәрігерлер салмағы 700 грамм нәрестені аман алып қалғанын жазған едік.