«Хабибат-ІІІ» конференциясында Қазақстанның тұрғын үй саясаты жөніндегі баяндамасы таныстырылды

Еске сала кетейік, БҰҰ тұрғын үй шаруашылығы және қалалардың дамуы жөніндегі алғашқы «Хабитат» конференциясы Канаданың Ванкувер қаласында 1976 жылғы маусымда, ал екінші саммит Стамбұлда 1996 жылғы маусымда өткізілген болатын.
Конференция барысында делегация басшысы Қазақстандағы қалалық агломерацияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша үкіметтің жұмысы туралы хабардар етті.
«Қазақстан үкіметі тұрғын үй және қалалық тұрақты даму аясында, урбанизация және қалалық шаруашылықты басқару, қолжетімді баспана, денсаулық және білім беру қызметтерін жетілдіру арқылы ауылдық-қалалық көші-қон, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру бағытында дәйекті саясатты жүргізіп келеді», - деді Қ. Әбдірахманов.
Бұдан бөлек, ол Орталық Азияда алғаш рет Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі өтетінін айтып, көрме инфрақұрылымының негізінде халықаралық қаржы орталығы құрылатынын хабардар етілді. «Астана халықаралық қаржы орталығы әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, экономиканы әртараптандыруға, тұрақты өсуге және толыққанды қаржы жүйесін құруға бағытталған құрылымдық реформалардың негізгі компоненттерінің бірі болуы тиіс», - деді Қ. Әбдірахманов.
Айта кетерлігі, саммитке қатысушылар елді мекендердің тұрақты даму мәселелеріне, оның ішінде демографиялық проблемалар, қалалық жоспарлау, қоршаған орта және урбанизация мәселелеріне назар аударды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті әзірлеген тұрғын үй және тұрақты қалалық даму жөніндегі Хабитат III бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық баяндамасын таныстырды.
Айта кетейік, биылғы конференция 2015 жылғы қыркүйек айында «2030 жылға дейінгі күн тәртібі және тұрақты даму мақсаттары» қабылданған БҰҰ-ның ғаламдық саммитінен кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Конференция тұрақты даму үшін қозғаушы күш ретінде өз рөлін арттыру және жаңа жаһандық даму мақсаттарын іске асыруға ықпал етуге үндеп, климаттың өзгеруіне қарсы күреске жағдай жасау мақсатында үлкен, шағын қалалар мен жекелеген аймақтарды жоспарлау мен басқару туралы маңызды мәселелерді талқылауға бірегей мүмкіндік береді