Қазақстан экономикасы биыл қаншалықты өседі - Халықаралық валюта қорының болжамы

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі шамамен 4,6% деңгейінде болды деп болжады, сондай-ақ ұйым елдің бюджеттік сальдосы мен сыртқы позициясы жақсарады деп есептейді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Экономика
Коллаж: Kazinform / Pixabay

Айта кетейік, 3-12 маусым аралығында Қазақстан Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі – ХВҚ) Миссиясын қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша елдегі қазіргі экономикалық жағдайға, экономиканы дамыту перспективаларына шолуды, сондай-ақ негізгі ұсынымдарды қамтитын қорытынды мәлімдеме жарияланды.

Миссияның пайымдауынша, әлемдік мұнай бағасының жоғары болуы, ішкі сұраныстың серпінділігі мен инвестиция ағыны аясында Қазақстанның экономикалық өсімі тұрақтылық танытып отыр. Халықаралық резервтер жеткілікті деңгейде сақталып, импорттың шамамен 10 айлық көлемін жабуға қауқарлы. ХВҚ 2026 жылы экономикалық өсімді шамамен 4,6% деңгейінде болжайды, сондай-ақ елдің бюджеттік сальдосы мен сыртқы позициясы жақсарады деп есептейді.

Бұл ретте бюджет тәртібін сақтау және мемлекет шығыстарының тиімділігін арттыру Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және қаржы секторын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын (бұдан әрі – Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы) іске асыру үшін шешуші маңызға ие.

Тәуекел факторларының қатарында ішкі сұраныстың күшею ықтималдығы, импорт бағасының өсуі, жаһандық белгісіздік пен әлемдік нарықтардағы қаржылық шарттардың қатаңдауы атап өтіледі, ал бұл жағдайлар инвестициялар ағынына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, Каспий құбыр консорциумы құбырының жұмысындағы ықтимал іркілістер де қауіп ретінде көрсетілген.

Мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуы, Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шараларының тиімді іске асырылуы және коммуналдық қызметтер тарифінің реформасын дәйекті жүргізу мемлекеттік қаржы мен сыртқы сектордың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ инфляциялық күтулерді бекітуге ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, ХВҚ сарапшылары инфляцияның 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы мамырда 10,4%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Соған қарамастан, оның деңгейі әлі де нысаналы бағдардан жоғары болып тұр. Осыған байланысты ХВҚ инфляция бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізгенге дейін тежеуші ақша-кредит саясатын сақтау маңыздылығына айрықша назар аударады.

Ұлттық банктің артық өтімділікті төмендетуге бағытталған шаралары, соның ішінде ең төменгі резервтік талап нормативтерін арттыруы және ноталар шығару көлемін ұлғайтуы инфляциялық қысымды біртіндеп бәсеңдетуде маңызды рөл атқарады.

-Бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін экономиканың «қызып кетуіне» жол бермеу мақсатында мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржыландыру саласында әлдеқайда ұстамды саясат жүргізу де маңызды. Бұған нақты уақыт режимінде бюджет қаражаты мен Ұлттық қор ресурстарының пайдаланылуын бақылауды, атаулылығын және ашықтықты арттыруға мүмкіндік беретін Цифрлық теңгені енгізу де ықпал ете алады,-делінген хабарламада.

ХВҚ бағалауы бойынша, Қазақстанның макроэкономикалық саясатты жетілдіру және құрылымдық реформаларды жалғастыру есебінен инфляцияны одан әрі төмендетуге және экономикалық өсім әлеуетін арттыруға толық мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, осыған дейін Халықаралық валюта қорының өкілдері 2031 жылға қарай Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 23 мың долларға жетуі мүмкін екенін болжаған болатын.