ХВҚ: 2031 жылға қарай Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 23 мың долларға жетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша әлемдік рейтингтегі орнын жақсартуы мүмкін. Ел 2031 жылға қарай 71-орыннан 68-орынға көтеріледі деген болжам бар.
Мұндай мәлімет Халықаралық валюта қоры жариялаған сәуір айындағы шолуда келтірілген.
Қордың бағалауынша, 2026 жылы Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 17,5 мың доллар болады. Бұл көрсеткіш бойынша ел Сейшел аралдары мен Сербияның арасында орналасады.
Аймақтағы мемлекеттердің ішінде Ресей 18,53 мың доллармен 69-орында тұр. Қытай 14,87 мың доллармен 78-орынға жайғасқан. Өзбекстан 4,66 мың доллар көрсеткішімен 131-орында болса, Қырғызстан 3,2 мың доллармен 142-орында тұр.
ХВҚ болжамына сәйкес, 2031 жылға қарай Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 23,17 мың долларға дейін өседі.
Осы көрсеткішпен Қазақстан әлемдік рейтингте Оман мен Түркияның арасына орналасуы мүмкін.
Болжам бойынша, Өзбекстан 7,06 мың доллар көрсеткішімен 121-орынға көтеріледі. Қытай 19,88 мың доллармен 74-орынға жақындайды. Қырғызстан 142-орында қалады. Ал Ресей 18,48 мың доллармен 78-орынға төмендеуі ықтимал.
Әлемдік рейтингте көш басында Лихтенштейн тұр. Қазір онда жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 226,81 мың долларды құрайды. Бұл Қазақстан көрсеткішінен шамамен 13 есе жоғары.
Ең төменгі көрсеткіш Йемен елінде тіркелген. Мұнда бір адамға шаққандағы ІЖӨ көлемі 383,75 доллар ғана.
ХВҚ дерегіне сәйкес, 2031 жылы да Лихтенштейн рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалады. Ал Йемен соңғы орында қала береді.
Қор болжамынша, алдағы бес жылда Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 32,4 пайызға өсуі мүмкін. Өсу қарқыны бойынша республика әлемде 43-орында тұр.
Абсолют көрсеткіш бойынша әр адамға шаққандағы өсім 5,67 мың доллар болады. Бұл әлем елдері арасындағы 59-нәтиже саналады.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры Алматыда өңірлік даму орталығын ашатыны хабарланған еді.