Халық банктің тоналуы: полицейлер күдіктілерді іздеп Грузия мен Арменияға барған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полицияның мәліметінше, тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта банк бөлімшесін тонады деген күдікпен екі адам іздестіріліп жатыр.
Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлағандай, күдіктілер қылмыс жасағаннан кейін бір тәулік ішінде Қазақстан аумағынан ізін суытып үлгерген. Олардың бесеуі екі аптадан кейін анықталып, ұсталған. Дейтұрғанмен іздестіру жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ.
- Аталған қылмыс бойынша Ресей Федерациясымен өзара іс-қимыл әлі де жалғасып келеді. Жақында Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Грузия мен Армения сияқты елдерге іссапармен барды, біздің ақпаратымыз бойынша ол жақта бұл қылмысқа қатысушылар бар. Аталған мемлекеттер тарапынан жан-жақты құқықтық көмек көрсетілді. Онда тергеу іс-шараларының қажетті көлемі жүргізілді. Бұл материалдар Ресей Федерациясының прокуратурасына жіберіледі, - деп хабарлады өңірлік Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция қылмыстық істің не себепті Ресейге берілгенін де түсіндірді. Айтуларынша, барлық күдікті - көрші мемлекеттің азаматтары. Сондықтан оларды қазақстандық тарапқа бермейді. Олар Ресей заңдары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Аталған тонау оқиғасы бойынша 40-қа жуық жәбірленуші бар екені анықталды. Олардың көпшілігі Павлодар облысында тұрады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қараша айында Павлодарда банк бөлімшесінің қабырғасы ломмен бұзылды.
Кейін «Халық банктің» Павлодардағы бөлімшесінен қанша дүние ұрланғанын тергеу ғана айта алатыны мәлім болды.