Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесі — Құрылтайға балама емес. Екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.

Құрылтай Қоғамдық палата
Фото: Kazinform

— Халық Кеңесі — Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ, — деп атап өтті. Мемлекет басшысы.

Президент бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі екенін еске салды.

Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.

— Алдымызда тұрған мақсат та — бір, Отанымыз да — бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр.

Бұған дейін Президент бір жылда Қазақстанда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.

Сондай-ақ Президент «Түрлі көзқарас — біртұтас ұлт» тұжырымдамасы туралы пікір білдірді.