Бір жылда ұлт тағдырына ықпал ететін маңызды оқиғалар болды — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында бір жылда Қазақстанда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтты. 

Бір жылда ұлт тағдырына ықпал ететін маңызды оқиғалар болды — Президент
Фото: Ақорда

— Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы — Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті.

Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты құрылды.

— Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық. Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл — өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы басталды. Кеңеске қабылданған 126 өкіл және Құрылтай депутаттары Тәуелсіздік сарайына жиналды.