Халық саны артып келеді: Астана бұған қаншалықты дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Астана жыл сайын өсіп, жаңа тұрғын аудандар салынып жатыр. Соған сай мектеп, балабақша, емхана, спорт нысандары мен қоғамдық кеңістіктерге де қажеттілік артып келеді. Елорда алдағы жылдары қалай өзгереді, қай аудандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр және жаңа бас жоспарда не қарастырылған? Бұл туралы ARCHICA халықаралық сәулет форумында «Астана бас жоспары» мекемесінің директоры Руслан Жақыпов айтып берді. Kazinform тілшісі негізгі деректерге шолу жасады.

LRT
Фото: Қарлыбай Бақдаулет

«Астана бас жоспары» мекемесінің директоры Руслан Жақыповтың айтуынша, елорданың дамуына қатысты болжамдар халық санының нақты өсіміне байланысты бірнеше рет қайта қаралған.

— 2001 жылы әзірленген алғашқы бас жоспарда Астана халқы 2030 жылға қарай 800 мың адамға жетеді деп есептелген. Алайда қала халқы күткеннен әлдеқайда жылдам өсті. Осыған байланысты 2010 жылы бас жоспарға түзету енгізіліп, 2030 жылға арналған есептік көрсеткіш 1,2 млн адамға дейін ұлғайтылды. Кейін қала халқы бұл межеден де асты. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданың жаңа бас жоспары қабылданды. Құжат енді 2035 жылға қарай Астана халқы 2 млн 275 мың адамға жетеді деген есепке негізделіп отыр, — деді ол.

Қай ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр

Халық санының өсуімен бірге тұрғын үй құрылысының көлемі де артып келеді. Қазір Астананың тұрғын үй қоры 41,5 млн шаршы метрді құрайды.

Руслан Жақыпов ұсынған дерекке сәйкес, елордада тұрғын үй құрылысына арналған 913 аумақ бар. Оның ішінде 270 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Бұл нысандардағы салынып жатқан тұрғын үйдің жалпы көлемі 10 млн шаршы метрден асады.

Елордадағы тұрғын үй
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Құрылыс ең қарқынды жүріп жатқан аумақтардың бірі — Нұра ауданы. Мұнда шамамен 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Есіл ауданында бұл көрсеткіш — 2,5 млн, Сарыарқа ауданында — 2 млн шаршы метр. Алдағы жылдары да құрылыс қарқыны бәсеңдемейді деген болжам бар, — деді мекеме басшысы. Спикердің айтуынша, 2026–2028 жылдары тағы шамамен 12 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 2029 жылғы 1 қаңтарға қарай тұрғын үй қоры 53 млн шаршы метрден асады. Бұл көрсеткішке бас жоспарда көзделген мерзімнен 1,5–2 жыл бұрын жететіні болжанып отыр, — Руслан Жақыпов.

Жаңа аудандарда әлеуметтік нысандар жеткілікті ме

Қала халқы мен тұрғын үй санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені де арттырады. Сондықтан оның айтуынша, жаңа бас жоспарда тек тұрғын үй құрылысы емес, мектеп, балабақша, емхана және спорт нысандарының орналасуы да ескерілген.
Ұсынылған дерек бойынша, қалада 374 білім беру нысаны қарастырылған. Оның 196-сы іске асырылған, тағы 178-і жобалық жоспарға енгізілген.

Сонымен қатар бас жоспарда 310 мектепке дейінгі білім беру нысаны қарастырылған. Оның 104-і іске асырылса, 206 нысан жобада бар.
Денсаулық сақтау саласында 212 нысан қарастырылған: 89-ы іске асырылған, тағы 123-і жобалық кезеңде.

— Бұдан бөлек, қалада 23 оқушылар сарайын салу жоспарланған, оның бесеуі іске асырылған. Сондай-ақ 122 спорттық мақсаттағы нысан қарастырылған. Мұндай әлеуметтік нысандарды салу кезінде тұрғындардың оларға жаяу жету мүмкіндігі ескеріледі, — деді мекеме директоры.

Қала келбетін өзгерткен аудандар

Елордадағы өзгерістің ауқымын жекелеген аудандардан да байқауға болады. Соның бірі — «Хан Шатыр» маңындағы Сығанақ, Тұран және Сарайшық көшелерімен шектесетін аумақ.

Руслан Жақыпов 2019 жылы бұл аумақта санаулы ғана тұрғын үй болғанын атап өтті. Қазір 370 гектар аумақта 2,8 млн шаршы метр тұрғын үй бар. Мұнда мектептер, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандар салынған.
Ауданның жаңа қоғамдық кеңістіктерінің бірі — Green Line жасыл желегі. Ол биыл тамыз айында аяқталған.

Токаев посетил аллею «Мыңжылдық» и линейный парк GreenLine в Астане
Фото: Акорда

— Елордадағы тағы бір белсенді дамып жатқан аумақ — Мыңжылдық аллеясы. 2019 жылы бұл аумақтың едәуір бөлігін саяжай массивтері алып жатса, қазір мұнда 2,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, — деді спикер.

Қоғамдық кеңістіктерге басымдық берілмек

Қала құрылысының тағы бір бағыты — тұрғын үйлер арасындағы қоғамдық кеңістіктерді дамыту.
Руслан Жақыповтың мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында Астанада 652-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Оларды жаңарту кезінде заманауи және экологиялық материалдарды пайдалану, сәулет элементтерін қаланың өзіндік келбетіне бейімдеу және бірыңғай дизайн-код қалыптастыруға мән берілген.

— Қаланың тарихи бөліктерінің бірі — Сарыарқа ауданында да бас жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұрын елорданың шеткі аумағы саналған, саяжай массивтері басым болған бөліктерде қазір тұрғын үймен қатар мектептер, балабақшалар мен медициналық нысандар салынуда, — деді ол.

Руслан Жақыповтың айтуынша, Астананы одан әрі дамытуда полицентрлік және ықшам қала қағидаты басшылыққа алынады. Осылайша, жаңа аудандар тек тұрғын үй массиві ретінде емес, білім беру, денсаулық сақтау, демалыс және спорт нысандары қатар орналасатын толыққанды қалалық орта ретінде қалыптасуы тиіс.

Бұған дейін аталмыш іс шараға қатысқан Нидерланд елшісі Орталық Азия қалаларына қандай өзгеріс қажет екенін айтқан еді.