Нидерланд елшісі Орталық Азия қалаларына қандай өзгеріс қажет екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия қалалары қарқынды дамумен қатар өз болмысын сақтап, климаттың өзгеруіне бейімделуі керек. Бұл туралы Нидерланд Корольдігінің Орталық Азиядағы елшісі Нико Схермерс Орталық Азия қалалары форумында айтты.
Оның айтуынша, қаланың бірегей келбеті бір ғана көрнекті ғимаратпен қалыптаспайды. Оған көшелердің, алаңдардың, саябақтар мен аудандардың өзара үйлесуі және тұрғындардың бұл кеңістікті күнделікті қалай пайдаланатыны әсер етеді.
– Орталық Азия қалаларының алдында ортақ сауалдар көп. Қалай жылдам дамып, сонымен бірге өз болмысымызды сақтай аламыз? Адамдар жай ғана тұратын емес, өмір сүргенді ұнататын қалаларды қалай саламыз? - деді Нико Схермерс.
Елші бұл ретте Нидерланд тәжірибесіне тоқталды. Қазақстанмен халық саны шамалас болғанымен, Нидерланд аумағы әлдеқайда шағын әрі жерінің едәуір бөлігі теңіз деңгейінен төмен орналасқан.
– Кеңістік аз болғандықтан, біз бәрін мұқият жоспарлауға мәжбүр болдық. Тұрғын үй, көлік, су, жасыл желек пен қоғамдық кеңістікті бір жүйе ретінде жоспарлаймыз. Жекелеген инфрақұрылымдық жобаларды емес, ең алдымен адамдардың қажеттілігін негізге аламыз. Климатқа бейімделу мен қолайлы қоғамдық кеңістік қатар қарастырылуы керек, – деді ол.
Нико Схермерс Роттердамды осы тәсілге мысал етті. 1940 жылы қаланың орталығы қирағаннан кейін Роттердам қайта жаңғырып, бүгінде Еуропадағы сәулет пен қала құрылысы саласындағы жаңа идеялар сыналатын қалалардың біріне айналды сәулет пен қала құрылысы саласындағы тәжірибелер жүзеге асатын орталықтардың біріне айналды.
Елшінің сөзінше, бұл қаланы жаңарту мен оның жергілікті болмысын сақтауды қатар алып жүруге болатынын көрсетеді.
– Нидерланд пен Орталық Азия елдері су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруіне бейімделу бағытында бірлсіп жұмыс істеп жатыр. Ендігі бағыттардың бірі – өмір сүруге қолайлы, климаттық өзгерістерге төзімді әрі барлық тұрғынға ыңғайлы қалалар салу. Климаттың қазірдің өзінде өзгеруде. Сондықтан өзгеріп жатқан жағдайға тез бейімделуіміз керек, - деді елші.
Ол биыл Астанадағы резиденциясына 55 күн панелі орнатылғанын да атап өтті. Оның сөзінше, бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға қосылған шағын үлес болғанымен, Астана секілді Орталық Азия қалалары үшін нақты мысал бола алады.
– Адамдардың жадында қалатын қалалар – тұрғындары өзін үйіндегідей сезінетін қалалар, – деп түйіндеді дипломат.
Бұған дейін Kazinform Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксвортидің британдық сәулетшілердің Астана мен Алматыдағы бірқатар танымал нысанды жобалауға қосқан үлесі туралы айтқанын жазған еді. Олардың қатарында Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр» және Алматыда кейінгі жылдары ашылған мәдениет нысандары бар.